Кеніштегі апат: арнайы комиссия құрылды

Шығыс Қазақстан облысында кеніште қаза тапқан 5 адамның өліміне байланысты еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі апатты тексеру үшін арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды 24kz.

Комиссияны Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Батырбек Қизатов басқарады. KAZ Minerals тобының хабарлауынша, оқиға Ертіс және Артемьев шахталарында болған. 31 тамызда сағат 17.30 шамасында Ертіс шахтасында 4 қызметкердің мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша олар газдан уланған болуы мүмкін. Ал 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу басталды.