Жыл басынан бері 1300 адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды

Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті, деп хабарлайды 24kz.

«Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Осыған байланысты жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет. Жүргізушілерді даярлау деңгейі төмендеп, жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі және депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  Сондай-ақ Президент әскерге кеткен сарбаздардың қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты.