Қарағанды облысында сегіз айда жол апатынан 95 адам көз жұмды

Мемлекет басшысы Жолдауда осы жол апаты мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды 24kz.

Жыл басынан бері ел аумағында 1300 адам жол үстінде мерт болған. Жүздеген адам жарақат алып, мүгедек болып қалды. Осыған байланысты Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету керектігін айтты. Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асуда?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Жыл басынан бері Қарағанды облысы аумағында 466 рет жол апаты болған. Салдарынан 96 адам көз жұмды. Бұл өткен жылғы 8 аймен салыстырғанда 17%-ке артық. Тағы 600-ге жуық адам жарақат алған. Әсіресе, Алматы Екатеринбург жолында апат көп. Балқашқа дейінгі 363 шақырым күрежолда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы кейбір екі жолақты учаскелерде жүргізушілер ережені жиі бұзады. Жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бетке шығу, ұйықтап кету сынды себептерден биыл 55 жол апаты болып, 42 адам қайтыс болған.

Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Енді бізбен профилактикалық жағдай бойынша патрульдардың санын көбейттік. Бұрын 17 автокөлік болса мына «Алматы-Екатеринбург» жолында, қазір оны 37-ге дейін көбейттік. Және баннерлер орнаттық. Енді қазір айтып кететін болсам, 16 тамыздан бастап жасырын автопатруль жүр. Ол көлікте ешқандай белгі жоқ полицияға ұқсайтын, СГУ орнатылмаған. Бірақ ол полицияның автокөлігі, ішінде камера тұр.

Профилактикалық шаралар мен әкімшілік жазаға тартудан бөлек жол инфрақұрылымын жақсартудың маңызы зор. Өңірде 1843 шақырым жол республикалық маңызға ие. «Соның 89%-і, яғни, 1630 шақырымы техникалық талаптарға сай», - дейді «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Ерлан Жұмағұлов. Қазіргі уақытта облыс бойынша 504 шақырым жолды 1 санатты етіп жақсарту үшін құрылыс жұмыстары жүруде. Соның ішінде көлік апаты жиі болатын Қарағанды – Балқаш күрежолы биыл тапсырылуы тиіс.

Ерлан Жұмағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ басшысы:

- Бүгінгі таңда бұл жолдың құрылысы 92%-ке орындалды. Қарағанды – Балқаш тасжолының қазір 86 шақырымы 4 жолақ бойынша ашылды. Бұл өз кезегінед жол-көлік оқиғасының азаюына себеп болады деп ойлаймын. Бұған қоса, жол белгілерін, өткелдерді, қоршауларды салдық. Жыл соңына дейін жұмысты аяқтаймыз. I санатты жол қауіпсіз, әрі жайлы болады.

Өңірде жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жыл өткен сайын күшейтіледі. «Дегенмен, қауіпсіздік бірінші кезекте жүргізушілердің сақтануына да байланысты», - дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар