Қарқаралы ауданындағы өрттің орман қорына таралуына жол берілмеді
Қарқаралы ауданында жедел желі іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Өрттен зардап шеккен тұрғындар сонда хабарласып, өтемақы алу мүмкіндігіне ие бола алады. Қазір жанып кеткен аумақтың нақты көлемі анықталып жатыр. Құтқарушылар тікұшақ арқылы әлі бірнеше рет барлау жүргізеді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Алапат өрт 7 қазан күні Теректі ауылына қауіп төндірді. Елді мекенге бір шақырымдай ғана қалған. Міне, мына төбенің арғы жағынан үйлердің шатыры көрініп тұр. Абырой болғанда, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен тұрғындар бірлесе әрекет етіп, өртті сөндіріп үлгерген.
Теректі ауылындағы өртпен күрес 3 күнге созылды. Құтқарушылар күн-түн демей тер төкті. Таулы өлке өрт сөндіру жұмыстарына үлкен кедергі келтірген. Көлікпен өте алмаған жерлерге жаяу баруға тура келген. Өрт сөндіруші Қуаныш Жүкенов мұндай алапат өртті бұрын көрмегенін айтты.
Дегенмен, алғы шепте жүрді, жанқиярлық танытты.
Қуаныш Жүкенов, Шахан кенті №22 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:
- Қиыншылығы сол, жел күшті. Жылдамдығы 15 метр секундқа дейін. Жан-жақтан өршиді. Біреуін сөндірсең, екінші жағынан шығады.
Тілсіз жауды сөндіруге 400-ден аса құтқарушы мен өрт сөндіруші жұмылдырылды. Олар елдің түкпір-түкпірінен келді. Өкінішке қарай адам шығынын болдырмау мүмкін болмады. Төтенше жағдайлар депаратментінің қызметкері Хайрат Хали қаза тапты. Мәди Іңкебаев оны бұрыннан білген. Жұмысына жауапты, ақжарқын азамат болғанын айтады.
Мәди Іңкебаев, Шахан кенті №22 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:
- Өкінішке орай, біздің әріптесіміз қаза тапты. Ол өте ер мінезді жігіт болатын. Оны мақтан тұтып, мәңгі есімізде сақтаймыз.
Ерлік танытқан құтқарушыларға ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Екпінді жел мен кең аумаққа таралған өрт 7 елді мекен мен 33 мыңға жуығы мал басы бар 11 шаруа қожалығына қауіп төндірді. Шұғыл әрекет ету нәтижесінде қызыл жалын Егіндібұлақ ауданындағы орман қорына жайылған жоқ.
Нұргелді Ахметжанов, Теректі ауылының тұрғыны:
- Біз енді ауыл халқы болған соң қай жерде не барын білеміз. Біреудің маясы болуы мүмкін, шөп, жері, кімнің малы барын. Сол жақтарды қорғауға тырыстық.
Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше мал шығыны тіркелмеген. Қазір жедел желі іске қосылды. Өрттен қандай да шығынға тап болған тұрғындар 8 (72146) 31-3-66 нөміріне хабарласып, кейін өтемақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев , Зарина Зұлпыхар