Ақтауда қатты желден аялдама құлап, екі адам жараланды
Ақтауда қатты жел тұрып, автобус аялдамасын құлатты, деп хабарлайды 24kz.
Салдарынан екі адам мертікті. Бірі – 52 жастағы әйел. Бірнеше қабырғасы сынған науқас хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Қазір жағдайы орташа ауыр. Ал 48 жастағы ер адамның сол қолына зақым келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ол үйіне жіберілді. Дәрігерлер тағы бір ер адамның әскери бөлімнен келіп түскенін хабарлады. 36 жастағы жігіттің денесіне ғимарат шатырының сынығы тиген. Ақ халаттылар оның өміріне қауіп төнбегенін айтады.
Қайрат Нұралиев, қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Оң жақ қабырғаларының бірнешеуі сынған. Салыстырмалы тұрақты деп айтуға болады. Қабырға сынғаннан ауа өкпе қуысына жиналып қалған.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында күндіз 12.00 шамасында дауыл тұрып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасбетін ұшырды. «Қазгидромет» филиалының мәліметінше, құбылмалы ауа райы алдағы үш тәулікке дейін сақталуы ықтимал.
Айгүл Төлеуғалиева, «Қазгидромет» РМК филиалының директоры:
- Бүгін өңірде қолайсыз ауа райы болуы мүмкін екендігі тұрғындарға ескертілді. Қазір кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 24 метрге тең. Алдағы тәулікте күшті жел мен жаңбыр тұрып, түнде жолдарда мұз қатуы мүмкін. Сондай-ақ қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал.