БҚО-да бұралқы иттерден 2000-ға жуық адам зардап шекті
Батыс Қазақстан облысында екі мыңға жуық адам иттен зардап шекті, деп хабарлайды 24kz.
Хайуан төрт түлікке де, адамға да шаба бастаған. Бұл мәселені билік те біледі. Біраз шаруаны қолға алған. Бірақ нәтижесі байқалмайды.
Бұралқы иттер көбіне балаларға шабуылдайды. Осындай жағдай Ақсай қаласында болды. Ойын алаңында асыр салған бүлдіршінге бірнеше ит тап берген. Баласының басынан өткен жағдайды Әлия Марленова қорқынышпен еске алады.
Әлия Марленова, Ақсай қаласының тұрғыны:
- Барсам, қан-қан болып жатыр. Сұрап жатырмын. Неше рет талады деп едім, екі рет талапты деді. Мынадай жағдай болып жатқан кезде біз қиналып кеттік. Кеше жыладым.
Жыл басынан бері өңірде ит тістеп жарақаттанған 1900 адам медициналық көмекке жүгінген. «Мұндай жағдайда ұзақ уақыт емделуге тура келеді», - дейді дәрігерлер.
Алмас Жалғасбаев, облыстық көпсалалы аурухананың қабылдау бөлімі меңгерушісі:
- Ол келген кісілердің барлығы жарақатпен қарау пунктіне тіркеліп, алғашқы көмек алды. Және құтыруға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алады. Ит қапқан адамдар құтыруға қарсы вакцинаны алмаса, егер иттің құтырған-құтырмағаны белгісіз болса, онда адамның 100% ауыру қаупі бар. Сондықтан ит белгісіз болған жағдайда құтыруға қарсы вакцинаны толықтай курсын алу керек.
Ал Есенгелді Айтмұхамбетовтің ондаған ұсақ малын иесіз иттер қырып кеткен. «Бір айда екінші мәрте осындай жағдай қайталанып отыр», - дейді шаруа. Жалпы шығын көлемі 7 млн теңгеден асыпты.
Есенгелді Айтмұхамбетов, Орал қаласының тұрғыны:
- Қала билігі бұралқы иттерге қарсы шара қолданбайды. Иесіз жануарлардан қауіп бар. Олардың кейбірі өте үлкен, қабаған болып келеді. Балалар үшін алаңдаймыз.
Иесіз жүрген иттер ұсталып, арнайы орындарға оқшауланады. Тұрғындардың шағымы болған жағдайда бақылауға алынған жануарларға ұйықтататын арнайы препарат егіледі. Бұл заң аясында атқарылатын шара. «Бірақ көп жағдайда бұралқы иттер залалсыздандырылғаннан кейін қайта босатылады», - дейді ветеринария басқармасының бөлім басшысы Берік Ерәлиев.
Берік Ерәлиев, БҚО Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл қала көшелерінен 5 мыңдай бұралқы ит пен мысық ауланды. Олардың 3 мыңға жуығы биотазартудан өтіп, тіршілік ету ортасына қайта жіберілді. Қалғаны тұрғындардың арыз-шағымына байланысты қауіпті деп танылып, ұйықтатылды. Иесіз жануарлар көбіне қала маңындағы саяжайлардан орталыққа азық іздеп келеді.
Өңірдегі бұралқы иттердің нақты саны белгісіз. Оларға арналған 12 уақытша ұстау бекеті ғана бар. Сондықтан сала мамандары үйсіз жануарларға арналған арнайы нысан салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге кірісті.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев