Интернеттегі алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр

Абай облысында 600-ден астам адам интернеттегі алаяқтардың құрығына түскен. Алданғандардың дені - зейнет жасындағы жандар.

Қазір киберқылмыспен Полиция Департаментінде құрылған «Cyberpol» тобы жұмыс істейді. Мамандар биыл 60-қа жуық адамның 11 млн теңгесін қайтаруға көмектесті. Дегенмен интернетті арам пиғылда қолданатындар айланың түрлі амалын тауып, әккілене түскен. Өңірдегі әріптесім Рүстем Қайратұлы жалғастырады.

Алиса Юнкер интернет арқылы жаңа телефонға тапсырыс берген. Интернет-дүкеннің иесі тауар 3 күн ішінде келетінін айтқан. Ешқандай күмәнсіз қаражатын белгісіз біреулердің шотына аударып жіберген. Осылайша алаяқтар қолына ұстап көрмеген тауардың ақшасын тұрғынға төлетеді. 

Алиса Юнкер, қала тұрғыны:

- Алаяқтардың құрығына түскенімді 12-ші қазан күні аңғардым. Содан кейін Затон полиция бөліміне барып өтініш жаздым. Кейін маған киберполиция қызметкерлері хабарласып мән-жайды сұрады. Менің шағымымды қабылдап, алаяқтарды анықтады. Содан кейін  қаражатымды толық қайтарып берді.

Көбінесе алаяқтар тұрғындардың атына несие рәсімдеп жатады. Мұндай жағдайға  зейнеткерлер жиі тап болады. Өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған әккілер «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқтар шешіп алайын деп жатыр» деп қарттарды сан соқтыруды әдетке айналдырған. Алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар  аз емес.

Блиц:

- Ой көп хабарласты. Неше түрлісі, ұрсып тастаймын. Орысшасы да, қазақшасы да не деген көп. Құдай сақтасын мен соған таң қалдым.

Трубканы алмау керек болды.

Өзіңде білімді жауап берсең, дұрыс бағытта жауабын берсең, ешқандай алаяқтыққа ұрынбайды деп ойлаймын.

Абай облысы Полиция департаментін­де криминалист, IT мамандарынан жасақталған «Киберпол» тобы құрылды. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Алайда алаяқтар айылын жияр емес.

Елдос Закимов, Облыстық  Полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы бойынша «заң және тәртіп» қағидаты жүзеге асырылуда. Сондықтан кез келген қылмысқа мүлдем төзбеушілік принципі жүзеге асырылуда. Осы бағытта біз жұмыс атқарып, арнайы соққы нысаналы киберпол аумағында осы қылмыстарды тергеп, тексеріп кінәлілерді жауапкершілікке тартамыз.

Интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеу – өз қолыңызда. Полиция қызметкерлері қас пен көздің арасында қаржыңыздан айырылып қалмау үшін жеке деректерді жария етпеу қажет.