Еліміз тағы бір халықаралық келісімге төрағалық етеді
Еліміз осы жылдың аяғынан бастап «Ядролық қаруға тыйым салу» туралы келісімге төрағалық етеді.
Бұл келісімнің біз үшін маңызы зор. Соның аясында Қазақстан Тынық мұхитындағы Кирибати мемлекетімен бірлесіп, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсететін көпұлттық қор құру бастамасын көтермек.
Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары мәлімдеді.
Қайрат Омаровтың айтуынша, еліміз бұл келісімге екі жыл төрағалық етеді. Осы кезеңде "Қазақстан ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы бастамаларды одан әрі дамытуға тырысады",- деді Омаров.
Бұл мәселелер Астанада өткен халықаралық конференцияда талқыланды.
Еске салайық, 2009 БҰҰ-ның бас ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялады. Біздің елдің бастамасымен аталып өтетін бұл күннің 29 тамызға түсуі кездейсоқ емес. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатқан болатын.
Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Қазақстанның 2009 жылы жасаған үндеуі бүкіл әлемге таралды. Бұл күн ядролық сынақтардың апатты салдары туралы еске салады. Әрине, Қазақстан ядролық сынақтардан бас тартқан жалғыз мемлекет емес. Бұл жаһындық деңгейдегі маңызды мәселе. Келер жылы Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының «Ядролық қарудан бас тарту» туралы келісімнің дайындық комитетінің екінші сессиясында төрағалық етеді. Бұл біздің ел үшін үлкен мәртебе. Өйткені Қазақстан осы тақырыпты талқылаудың басы қасында болады деген сөз.
Хироцугу Терасаки, Жапон делегациясының өкілі:
- Ядролық қарусыз әлем құру өте өзекті мәселе. Біз бұл іске жұмыла кірісіп, осындай орта қалыптастыруға тырысуымыз керек. Бұл мәселенің назарға алынуы бекер емес. Бүгінгі таңда әлемдегі шиеленістер ядролық қаруды қолдану қаупін арттырғаны белгілі. Бірақ екінші жағыннан әлем елдері мұндай әрекеттердің салдары қаншалықты қауіпті екенін түсінеді деген ойдамыз. Бұл бағытта Қазақстаның халықаралық аренадағы рөлі маңызды. Мысалы, Қазақстан ядролық қаруды таратпау тура келісімге қосылған.