ШЫҰ: Қазақстанда өткен саммитті Қытай қалай қорытындылады. LIVE
Астана саммиті көп жақты ынтымақтастықты ілгерілетіп, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын одан әрі дамыту бағытын айқындап берді.
Халықаралық жиында қол қойылған 25 құжат тек Қазақ еліне ғана емес бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды.
Көрші Қытай Қазақстан көтерген барлық бастаманы қолдап, жоғары баға беріп отыр. Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары мен саммиттің жұмысына көрші елде қандай пікір айтылып жатыр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен төраға Си Цзиньпиннің кездесуі қытай қоғамында қызу талқыланып жатыр. Саммит аяқтала сала Қытайдың Сыртқы істер министрі кең ауқымды брифинг өткізді. Баспасөз жиынына елдің беделді әрі орталық БАҚ өкілдері қатысып, қазақ-қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін жария етуде.
Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары мен Астана саммиті қазақ-қытай қарым-қатынасының тарихындағы тағы бір маңызды кезеңіне жол ашты. Сапар барысында қос елдің басшылары негізгі ортақ мүдделерге қатысты бір-бірінің тұрақты қолдауын тағы бір мәрте растап, ол бірнеше құжатпен бекітілді.
Қытай халқы енді Қазақстан мен Қытай арасында практикалық ынтымақтастық жаңа серпін алады деген пікірде. Мемлекеттік сапар аясында көршілес елмен 30-дан астам құжатқа қол қойылды. Енді елімізге тартылатын инвестиция көлемі едәуір артады. Сонымен қатар партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер де жасалды.
Ал ШЫҰ саммитінің өтуі Қазақстанның дамуына серпін береді. Халықаралық кеңес кезінде жасалған 25 келісім еліміз үшін маңызды. Оның ішінде ең негізгілері Астана декларациясы мен ШЫҰ 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы. Оның үстіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ондығына қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық пен өзара сенім, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер арқылы көлік байланысын нығайту және ұйымды реформалау мен жаңғырту сияқты негізгі бағыттарды ерекше атап көрсетті. Бұл 4 бағыт геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстар күшейген шақта стратегиялық маңызға ие.
Энергетикалық қауіпсіздік пен тепе-теңдік. Еліміз ұсынған аса маңызды бастаманың бірі. Қазақстан саммитке қатысушылардың алдында логистикалық орталықтардың серіктестік желісін қалыптастыруға айрықша мән берді. Бұл теміржол, автомобиль, теңіз және әуе жолдарының өзара байланысын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Бұл жаһандық сауданы дамыту үшін «Үлкен Еуразиялық белдеу» болуға үлкен мүмкіндік. Бұл бастамалардың мағыздылығын бүкіл Қытай талқылап, ерекше мән беруде.
Мао Нин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Саммит Қазақстан мен Қытайға ғана емес, барлық қатысушы мемлекеттер үшін де нәтижелі болды. Әсіресе қазақ-қытай өзара саяси сенімі жаңа деңгейге көтерілді. Екі тарап «Бір белдеу бір жол» жобасы аясында экономикалық саясаттан бастап жан-жақты ынтымақтастықты тереңдете түсуге уағдаласты. Мәдени-гуманитарлық байланысқа қатысты жаңа келісімдерге қол жеткізілді. Келер жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып белгіленді. Қытай Қазақстанмен жасалған ортақ келісімдерді нақты іске асырып әріптестік пен ауызбіршілікті дамыту бағытында тығыз жұмыс істейтін болады.
ШЫҰ 24-саммитінің қорытындысы бойынша маңызды шешімдер қабылданды. Астана декларациясы қабылданды. Беларусь республикасы ШЫҰ толыққанды мүшесі атанды. Ұйымға мүше мемлекеттер ғылыми гранттар бағдарламасын іске қосатын болды. Бұдан басқа да әлемдік деңгейдегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Ең бастысы Қазақстан алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндеттерді толығымен орындады. ШЫҰ төрағалығын абыроймен атқарып ұйымға жетекшілік Қытай еліне тапсырылды.
Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, Бейжің