Діндер съезі: кеше, бүгін
Діндер съезі алғаш құрылған күннен бастап бүгінге дейін талай тақырыпты таразыға тартты, деп хабарлайды 24kz.
Әрі заман талабына сай трансформациядан өтті. Сөйтіп, қазақ елінің тағы бір жаһандық бастамасы баянды жүзеге асып, барлық дін өкілдері асыға күтетін дәстүрлі алаңға айналды.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- 2003 жылдың күзі. Әлемдік дін көшбасшылар бір мезетте Астанаға ат басын бұрды. 13 ел, 17 делегация. Бұл – төрткүл дүние көз тіккен алқалы жиынның алғашқысы. Қатысушылар діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін талқылады.
Мәдина Әбішева, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бас консультанты:
- Бұл сынақ түрінде өткен съезд болатын. Ол әрі қарай жалғасын таба ма, жоқ па? 13 мемлекеттен келген. Еуропа, Африка континентінен және Еуразиядан келген көптеген дін өкілдері бірлесіп, бір үстел басында бас қосып, дінаралық диалог құрды.
Алғашқы диалог табысты өтті. Демек, мақсат өз мұратына жетті. Тіпті қатысушылар дінаралық ой-талқыны 3 жыл сайын өткізуге уағдаласты. Сөздерінде тұрды. Екінші съезге 20 мемлекеттен 40-тан астам делегация келді. Бұрын бірін-бірі көрмейтін діни лидерлер бір үстел басында татулық, тыныштық туралы ұстанымдарын ашық айта бастады.
Цитата: Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұрын мысалға дінаралық соғыстар болғанын білеміз. Протестандар мен католиктер соғысты, крест жорықтары болды, христиандар мен мұсылмандар соғысты, иудаизм мен христиан және басқа да діндердің арасында өте көп қақтығыс болған. Қазір де сол діндерді өшпенділіктің құралына айналдырғысы келетіндер жоқ емес. Сондықтан, бұл съездің маңызы біріншіден, тоқтам айтса, екіншіден, діндердің өшпенділік, соғыс құралы болмауына тоқтау салу.
2009 жыл – үшінші съездге жиналған 35 мемлекеттің өкілі толеранттылық жайында ой қозғады. 2012 жылы діндер съезіне 40 елден делегация қатысса, 2015 жылы 42; 2018 жылы 43; 2022 жылы 50 елден діни өкілдер келді. Осылайша, уақыт өткен сайын съезд өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, өркениетті жаһандағы өзекті тақырыптар талқыланатын алаңның негізгі өзегіне айналды.
I съезд (2003 ж.)
• 17 делегация
• 13 ел
II съезд (2006 ж.)
• 43 делегация
• 20 ел
III съезд (2009 ж.)
• 77 делегация
• 35 ел
IV съезд (2012 ж.)
• 86 делегация
• 40 ел
V съезд (2015 ж.)
• 80 делегация
• 42 ел
VI съезд (2018 ж.)
• 82 делегация
• 43 ел
VII съезд (2022 ж.)
• 100 делегация
• 50 ел
VIII съезд (2025 ж.)
• 100 делегация
• 60 ел
Томаш Пэта, Астанадағы Қасиетті мария архиепархиясының архиепископ-митрополиті:
- Әлемді түрлі қақтығыс пен традегия жайлағаны жасырын емес. Ал Қазақстан мүлдем басқа тіршіліктің оазисіне айналды деуге болады. Мұнда бейбітшілік пен келісімге деген ұмтылыс бар. Осы ретте жиында барлық тарап бір ауыздан бейбітшілікке үндесе екен.
Оған дау жоқ. Өйткені бұған дейін де елорда өткізген тарихи съездер талай түйіткілдің түйінін тарқатқан. Бұл жолы да Таяу Шығыстағы қақтығыс діни сипат алғалы ислам және иудаизм көшбасшылары осындай ауқымды отырыста алғаш рет бас қосты.
Авторы: Рухани Әбдірахман