Шетелдік инвесторлар ел экономикасына қомақты қаражат құяды

Алдағы жылдары ел экономикасына шетелдік инвесторлар қомақты қаражат құяды. Мәселен, PepsiCo Алматы облысында қытырлақтар шығаратын зауыт ашады. Ал Amazon Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабына айналдыруға көмектеспек.

Бұл Президенттің бүгін Нью-Йоркте өткен келелі кездесулерінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік алпауыт компаниялардың жетекшілерімен келіссөз жүргізіп, бірқатар салаға ірі инвестициялар тартуға келісті. 

PepsiCo Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт ашады. Жобаның құны – 368 млн доллар. Зауыт іске қосылғанда 900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Бұл жайында бүгін АҚШ-та Мемлекет басшысымен кездескен PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихо мәлімдеді. Айта кету керек, қытырлаққа қажетті картоп Қазақстанда өсірілмек. Қазір бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15 шаруашылық қатысып отыр. Алдағы уақытта картоп өнімділігін арттыру үшін ғылымға сүйеніп, сақтау базасы да кеңейтіледі - дейді, Стивен Кихо. Президент бұл бастаманы қолдап, Үкімет пен әкімдіктер жобаның уақтылы орындалуына жағдай жасайтынын айтты.

Cтивен Кихо, РepsiСo қоры директорлар кеңесінің төрағасы:

- PepsiCo компаниясының Қазақстанға салған инвестициясы – біздің ең маңызды әрі мақтан тұтатын жобаларымыздың бірі. Бұл біздің экожүйеміздегі снэк шығаратын ең үлкен зауыт санатында болады. Біз өндірістің тезірек ашылып, толық іске қосылуын асыға күтеміз. Зауыт келесі жылы маусым айында ашылады деп үміттенеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскимен де кездесті.

Тараптар цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Amazon Қазақстанның Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ, «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жобаларға қатысады. Келісім аясында елде жылдам интернетті дамыту, киберқауіпсіздікті күшейту және Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабына айналдыру көзделіп отыр. Нью-Йоркке сапар барысында «Қазақтелеком» мен Amazon Kuiper дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Жобаға шамамен 200 млн доллар инвестиция салынып, Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында жерүсті инфрақұрылымы салынады. Бұл бастама бүкіл өңірлерді заманауи телекоммуникация қызметімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Дэвид Запольски, Аmazon компаниясының аға вице-президенті:

- Сізбен кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Бүкіл командамыз сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Сіздің цифрлық технологияларды енгізу бастамаңызды қуаттаймыз. Бұл біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз. «Қазақтелеком» компаниясымен бірге тұрғындарды жылдамдығы жоғары  және арзан интернетпен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаны ілгерілетуге ықыластымыз.

Ал Америкалық Серберус Кэпитал Менеджмент компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыратын болады. Бұл жайында Мемлекет басшысымен кездескен компанияның бас директоры Фрэнк Бруно мәлімдеді. Әңгімелесу барысында Президент кәсіпорынның инвестиция саласындағы әлемдік беделін атап өтіп, оның Қазақстандағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға қаржы құюға ниетін құптады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Cerberus стратегиясы елдің экономиканы әртараптандыру жоспарына сай келеді. Соңғы 5 жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалы 6 есе артқан. Президент Әзербайжан мен Армения арасындағы Вашингтондағы келісім де Орта дәліздің маңызын арттыра түскенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның цифрлық технологиядағы тәжірибесін Қазақстандағы жаңа бастамаларға пайдалану мүмкіндігін ұсынды.

Фрэнк Бруно, Сerberus Сapital Мanagement компаниясының бас атқарушы директоры:

- Президент мырза, сізге және осы жобаға атсалысқан баршаға алғыс айтамын. Командаңыздың кәсіби деңгейі жоғары. Сонымен қатар экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларыңызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстанмен бірге Орта дәлізді дамыту әлеуетін, логистика және телекоммуникация салаларындағы мүмкіндіктерді жоғары бағалаймыз.

Бұдан бөлек Нью-Йоркте Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясының басшысы Майкл Уиртпен кездесіп, Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын талқылады. Сондай-ақ, әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамыту қаралды. Соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілді. Тараптар Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына да назар аударды. Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары Chevron Қазақстанға 55 миллиард долларға жуық инвестиция құйып,Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысты. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев