Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді
Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық түрлі салаларда кеңейіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында инновация, экономика және білім беру саласындағы бірлескен жобаларға да ерекше назар аударылды. «Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастың тереңдеп, өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам болды», - деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Уильям Киммит, АҚШ Сауда министрінің орынбасары:
- Америка мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қос ел экономикалық байланыстардың негізін қалап, тиімді серіктестік орнатты. Әлемдік деңгейдегі озық технологиялар, инновациялар мен тәжірибе Қазақстанның экономикалық және индустриялық мақсаттарына жетуге көмектесіп қана қоймай, сонымен бірге АҚШ пен Қазақстанда жоғары жалақыға ие мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Бұл ынтымақтастық екі елдің тұрақты әрі қарқынды экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Сапар барысында білім беру және инновация саласындағы ынтымақтастық мәселелері де кеңінен талқыланды. Екі ел білім беру жүйелеріне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу арқылы білім сапасын арттыруды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта Қазақстан мен АҚШ арасында бірқатар келісімдер мен жобалар жүзеге асады.
Кевин Миллс, OpenAI Білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бағыты бойынша жетекші:
- Қазақстан білім беру саласында жасанды интеллектіні белсенді енгізіп жатқан инновациялық елдердің бірі. OpenAI студенттерге жеке оқытушы, ал мұғалімдерге көмекші ретінде қызмет ететін технологияны ұсынады. Бұл жүйе әлемнің жетекші оқу орындарында қолданысқа енген және оқу мен білім алу тәсілдерін түбегейлі өзгертуде. Біз болашақта Қазақстан үкіметімен бірлесе жұмыс істеп, жасанды интеллект арқылы білім беруді жеке оқытуға айналдыруды көздеп отырмыз.