Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Оған мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Кеңес отырысында Ішкі істер министрінің Бірінші орынбасары Бауыржан Әленов нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын іске асыру жайын баяндады. Кеңес алаңында 2026–2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың жобасы ұсынылды. Талқылау барысында Кеңес мүшелері мен жастар ұйымдарының жетекшілері нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Ерлан Қарин бүгінде нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын әрі қазірдің өзінде белгілі бір нақты нәтижелер байқалып отырғанын атап өтті. Мемлекеттік кеңесші нашақорлыққа қарсы күрес әрдайым Президенттің ерекше назарында екенін еске салды. Сондай-ақ ол Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысында Мемлекет басшысы есірткінің таралуын төмендетуге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды және бұл іске жастар ұйымдары мен еріктілерді тартуды тапсырғанын жеткізді. Әрі нашақорлыққа қарсы күресте тек мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті. Жиында нақты ұсынымдар әзірленіп, көтерілген мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға арнайы тапсырмалар берілді.