БҰҰ Бас Ассамблеясында жоғары деңгейдегі дебат өтіп жатыр. LIVE
Дәл қазір Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының 80-сессиясында мемлекет басшылары сөз сөйлеп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Алқалы жиынның алғашқы бөлігінде 15 президент сөз алады. ТМД елдерінің арасында бірінші болып Қазақстан Президенті жоғары мінберден сөз сөйлейді. Саясаткерлер халықаралық маңызы бар мәселелерге тоқталып, бейбітшілік жолындағы бастамаларды қаузайды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Дәл қазір Бас Ассамблея дебаттары өтіп жатқан ғимараттың солтүстігіндегі бақта тұрмыз. Мына ақ шатыр БАҚ өкілдеріне арналған орын. Шағын болғандықтан тілшілер ішіне сыймай, сырттағы орындық атаулыны иемденіп, 24/7 хабар таратып жатыр. Ғимараттың іші осындай қарбалас болса, сыртында үкімет өкілдеріне қарсы, әсіресе, Палестина тәуелсіздігін жақтаушылар мен Трампқа қарсы наразы топ өкілдері демонстрацияда жүр. Бүгінгі күн коммуникация саласындағы оқыс оқиғаға куә бола жаздады. АҚШ Құпия қызметі Нью-Йорк маңында 300-ден аса байланыс серверді әшкерелеп, жұмысын тоқтатты. 100 мыңнан астам SIM картасы бар бұл құрылғылар ұялы байланыс мұнараларын істен шығарып, жедел қызметтерді бұғаттай алатын. Олар БҰҰ Бас Ассамблеясы өтетін орыннан небәрі 56 шақырым қашықтан табылды.
Диктор:
- Бас дебаттардың басталғанына үш сағаттай уақыт өтті. Сіз атаған Трамп та алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Осы уақытқа дейінгі спикерлердің айтқанын іліп алар не бар?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Иә, қызық болғанда Трамптың сөзі ыңғайсыз жағдайдан басталып, суфлер істемей қалды. Трамп қалжыңдаған кейіпте техникалық ақауға жауаптылардың күні енді қиын болатынын ескертті де, өз еліндегі жағдайды екінші президенттігі кезінде қаншалықты жақсартқанын айтты. Сальвадорға рақмет айтып, АҚШ-та ұсталған қылмыскерлерді абақтасына жапқанын жоғары бағалады. Сауда келісімдері мен қақтығыстағы елдерді татуластырғанын тілге тиек етті.