Президент ҚХР бастамасына қолдау білдірді
БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында Қытайдың Жаһандық даму бастамасы бойынша кеңес өтті.
Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін идеяны қолдады. Мұнда егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі және көпжақты институттарды нығайту мәселесінің шешімі ұсынылған. Сонымен қатар адамның игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету жайы да қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды.