ЕКПА Қазақстанның реформаларын жоғары бағалады
Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы реформаларға жоғары баға беріп, елді Еуразия кеңістігіндегі демократиялық өзгерістердің негізгі серіктесі деп атады.
Страсбургте өткен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы отырысына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Пленарлық жиында Сенат Спикері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан демократиялық реформалар туралы баяндады.
Қазақстан Еуропа Кеңесі және оның құрылымдарымен 90-жылдардың соңынан бері ынтымақтасып келеді. Ұйымға мүше болмағанымен, ел оның ішінара кеңейтілген келісімдеріне, төрт конвенцияға қатысып, Венециандық комиссиясының құрамында болып, ортақ мүдде тудыратын мәселелер бойынша тығыз байланыс орнатқан. Ең алымен, бұл заң үстемдігін қамтамасыз ету, демократиялық реформаларды ілгерілету және парламенттік ынтымақтастық. Страсбургте өткен сессия қорытындысы бойынша қабылданған резолюциясында,еуродепутаттар Қазақстанмен ортақ құндылықтарға негізделген ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін белгіледі.
Жолт Немет, ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәттен бастап біз Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, оны халықаралық стандарттарға сәйкес келтірген бірқатар реформалардың куәсі болдық. 2022 жылы елде өлім жазасы жойылды. Елде жүргізілген конституциялық реформалар Парламенттің ролін, институттардың тәуелсіздігін және атқарушы биліктің есептілігін күшейтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары жүзеге асырылып жатыр. Саяси плюрализм кеңейе түсті. Бұл жай ғана өзгерістер емес, елдің еуропалық құндылықтар бағытына қарай қадам басуға деген шешімін көрсететін нақты мысалдар.
Ассамблея отырысында адам құқықтары саласындағы өзгерістерге жоғары баға беріліп, олардың тиімділігі мойындалды. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды, әйелдерді және осал санаттарды қорғауды күшейту. Тоқаев президенттігінің ең маңызды нәтижелері қатарында ЕКПА Конституциялық соттың қайта құрылуын, өлім жазасының жойылуын, Парламент пен жергілікті билік өкілеттіктерінің кеңейтілуін атап өтті. Мәулен Әшімбаев пленарлық сессия қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Ассамблеяның сындарлы ұстанымын құптады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы:
«Демократиялық реформа – бұл күрделі және ұзақ процесс. Есепте айтылғандай, кейбір қиындықтар бар. Бірақ біз нақты шешім қабылдадық және осы жолмен жүре береміз. Бұл біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған батыл саясат. Қазақстан өзінің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын: заң үстемдігін орнату, адам құқықтарын қорғау, инклюзивті қоғам құру және билік жүйесін ашық рәсімдермен, тежемелік және тепе-теңдік жүйесімен демократияландыру сияқты тетіктерді нақты белгіледі.
Парламенттік диалогты нығайту, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, ашық сот төрелігі және басқа да тақырыптар бойынша пікір алмасу сессия аясында өткен дөңгелек үстелде және ЕКПА баяндамасы бойынша өткен пікірталастарда жалғасты. Сарапшылар Қазақстанның парламенттік дипломатия арқылы демократиялану қадамдарын оң бағалады.
Эммануэль Дюпь, Еуропадағы Болашақ және қауіпсіздік институтының (IPSE) президенті:
«Қазақстан дипломатияда орта держава рөлін атқаруды көздейді: Орталық Азия аймағында маңыздылығын сақтауды қалайды. Қазақстандағы демократиялану көршілер үшін де маңызды. Мәселен, 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу. Бұл туралы Президент Тоқаев Бас Ассамблеясының 80-сессиясында айтқан еді.
Кэти Кожуари, Женевадағы нейтралдық орталығы департаментінің басшысы:
«Мен Қазақстанның парламенттік дипломатиясы мен көпвекторлы сыртқы саясатының синергиясын атап өткім келеді. Парламенттік дипломатия елдер арасында өзара сенім мен тәжірибе алмасу алаңын құраса, Астананың көпвекторлы саясаты мемлекеттер мен түрлі ықпал орталықтарының мүдделері арасында тепе-теңдік орнатады. Бұл тәсілдер Қазақстанға халықаралық серіктестер тарапынан жоғары сенім береді. Бұл елдің дамуы мен Орталық Азиядағы тұрақтылық үшін қуатты ресурс.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
«Еуропа Кеңесінің басты миссиясы – адам құқықтарын, демократияны және заң үстемдігін нығайту. Қазақстанмен бұл салалардағы ынтымақтастық нығайып келеді. Еуропада сарапшылар елімізді жиі орта держава деп атайды – оған Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бастамасы дәлізі бойындағы стратегиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті және халықаралық бастамалары себеп. Сонымен бірге, пленарлық отырыста атап өтілгендей, Қазақстанның негізгі міндеті – саяси реформаларды жалғастырумен қатар, олардың нақты іске асырылуын қамтамасыз ету. Бұл елдегі демократиялық өзгерістерге жаңа серпін беруі тиіс.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан