Парижде Президент Жолдауы талқыланды  

"Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыруды мықтап қолға алды". Бұл – Франциядағы Қазақстан Елшілігінде өткен жиынға қатысқан француз сарапшыларының пікірі.

Мұнда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер талқыланды. Жиынға Францияның мемлекеттік органдары өкілдері, іскер топтар, ғылыми және сараптамалық қауымдастық мүшелері қатысты. Сарапшылар еліміздегі реформалардың стратегиялық маңызына баса назар аударды. Олар Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялық және энергетикалық хаб ретіндегі беделі артып келе жатқанын айтады. Осы орайда өздері де инновациялар, білім беру және орнықты даму салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге бейіл.

Адриен Фов, Paris-Saclay университетінің қауымдастырылған профессоры:

- Қазақстанның даму бағытына қатысты бірқатар маңызды шешімді атап өткім келеді. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру, яғни шикізаттық саладан бөлек цифрлық даму мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі. Сондай-ақ Президент бастамашы болған саяси реформалар. Бұл – Қазақстанның саяси эволюциясында сарапшылар қауымдастығы зор қызығушылықпен бақылап отырған оң динамика.

Эрван Ружо, Сlever Сloud цифрлық компаниясының вице-президенті:

- Біз Қазақстанға цифрландыру саласындағы серіктестігіміз аясында жиі барып тұрамыз. Қазақстанның осы саладағы айтарлықтай жетістіктерге жеткені бізді шынымен таңғалдыра. Мемлекеттік қызметтер толығымен цифрландырылған, жастарды осы бағытта оқыту жүйесі дамыған, цифрлық егемендік қалыптасып келеді. Қазақстан жасанды интеллектті қолдану мен дамыту бағытында да бірқатар салада айқын артықшылыққа ие. Президент Жолдауында көрсетілген жаңа міндеттер мен сын-қатерлер осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруға мүмкіндік береді.