Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті

Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде өткен С5+1 форматындағы саммитте мәлімдеді. Бұл бастаманы Дональд Трамп та қолдайды әрі оған үлес қосуға дайын. Астана мен Вашингтон арасындағы тауар айналымы жылдан жылға еселеп артып келеді. Ақ үйдегі алқалы отырысты не талқыланды? 

АҚШ пен Орталық Азияның арасын алыс жол, Тынық мұхит бөліп жатыр. Алайда сол географиялық алшақтықты саяси дипломатия қысқарта алды. Аймақтағы бестіктің басшылары мен Дональд Трамптың Ақ үйдегі алқасын осылай сипаттауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесуді тарихи деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл саммит Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті. Сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді.

Кейінгі жылдары екі жақты тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын біздің кеніштер қамтамасыз етіп отыр. Ал инвестицияның жайы мүлдем бөлек. АҚШ Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Президент Вашингтон қаржысына экономикамыздың қозғаушы күші деген баға берді. Қазір елде 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді. Президенттің осы сапарынан кейін бұл көрсеткіш тағы ұлғаятын сыңайлы.

Қазақстан-АҚШ байланысы

Тауар айналымы - $5 млрд

Өсім - 25%

АҚШ инвестициясы - $100 млрд

Қазақстандағы АҚШ компаниялары - 600-ден астам

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасты. Жалпы Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Американдық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырамын. Тіпті өзім қолдау көрсетемін.

Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады. Оның ұстанымдарын құптайтынын жеткізіп, 8 айда 8 соғыстың тоқтауына мұрындық болғанын ерекше атап өтті. Өз кезегінде Дональд Трамп серіктестікке серпін беруге мүдделі екенін растады. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Орталық Азия елдері арқылы бір кездері шығыс пен батысты байланыстырған ежелгі Жібек жолы өтті. Бұл ұлы әрі керемет тарих. Бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасуы аймақ елдеріне ерекше маңыз бен ауқымды әлеует береді. Айтпақшы, бұл өте бай өңір. Мен әрбір елдің АҚШ-пен ынтымақтастығын бұрынғыдан да арттыруға күш саламын.

Осымен Президенттің Вашингтонға сапары тәмам. Мемлекет басшысының жұмыс кестесі тығыз болды. Нәтижесінде саяси серіктестік те, экономикалық байланыс та беки түсті. Екі күндік сапардың елге 17 млрд доллар әкелуінің өзі жемісті жұмысты білдірсе керек.

Бекзат Аманов