Қазақстан - Ресей: келелі келіссөз нәтижелері
Байланысты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияның тарихи мәні зор.
Бұл құжат халықтар арасындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Келіссөзден кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалап, кездесу нақты пайдасын берді деді. Саясаткерлер өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар салаларына баса мән берген. Нақты айтқанда, «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары және өзге де жобалардың мүмкіндігің кеңейтуге келісті. Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсартып, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екені айтылды. Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Елде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы да іске асырылады. Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады.