Қырғызстан ҰҚШҰ саммитін өткізуге дайын
Ертең Қырғызстанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтеді. Қазір ұйымға алты мемлекет мүше. Құрылым осы елдердің сыртқы саясат саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ басты мақсат - әскери саясат пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты нығайту. Бішкектегі отырыс барысында нендей мәселе көтеріледі? Маңызды шараны өткізуге Қырғызстанның дайындығы қалай?
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тарихы 1992 жылдан басталады. Дәл сол жылы Ташкент қаласында ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылды. Шарт Ұлттық ратификациялау рәсімдері аяқталғаннан кейін 1994 жылы 20 сәуірде күшіне енді.
Қазір ұйымға алты мемлекет, яғни Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Беларусь мүше. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі - ұйымның жоғарғы органы. Кеңес құрамына Мемлекет басшылары кіреді. Бұдан өзге Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының комитеті сынды консультативтік және атқарушы органдар жұмыс істейді. Ал Бас хатшы ұйымның жоғары әкімшілік лауазымды тұлғасы саналады.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында мүше мемлекеттердің қазіргі қауіпсіздік мәселелері бойынша біріктірілген ұстанымдарын көрсететін Декларация қабылдау және 2026 жылдан 2029 жылға дейінгі алдағы үш жылдық кезеңге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысының кандидатурасын қарау жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Ресей Федерациясы 2026 жылы Ұйымға төрағалық ету барысында күн тәртібіндегі басымдықтарды хабарлайды.
Қырғызстан биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етіп отыр. Көршілес мемлекет саммитті өткізуге дайын. Бішкекте қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көлік қозғалысы уақытша шектелді. Білім беру мекемелері оқуды онлайн форматқа ауыстырды. Көшелердегі қоғамдық тәртіпті құқық қорғау органдарының төрт мыңға жуық қызметкері тәулік бойы қамтамасыз етеді.
Саммит барысында қатысушылар бірлескен жұмыс, заңсыз есірткі мен заңсыз көші-қонға қатысты мәселелерді талқылайды. Бұдан өзге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының алдағы үш жылғы Бас хатшысы сайланады.