Болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметі талқыланды

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.

Ерлан Қарин Президент бастамашы болған парламенттік реформа мемлекеттік құрылыстың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың қисынды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бастама заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын еске салды. Отырыста ұсыныстар жинақталып, жүйелеудің аралық қорытындылары қаралды. Сонымен қатар болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне 400-ден астам ұсыныс келіп түскен. Жұмыс тобы мүшелерінің, саяси партиялардың ұсыныстары мен азаматтардың бастамалары жүйеленіп, Парламентаризм институтында мұқият зерделенуде. Ерлан Қарин отырыстар аралығындағы кезеңде жаңа ұсыныстар мен бастамалар бойынша ортақ көзқарастарды қалыптастыру үшін ауқымды, мазмұнды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ талдау жұмыстарына назар аударып, ұсыныстардың сапалық тұрғыдан жақсара түскенін жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды. Парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты тәсілдерді әзірлеу ісі Жұмыс тобының алдағы отырыстарында кезең-кезеңімен жалғасады.