Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті.
Алғашқы отырыс 14 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп, Президент тапсырмасымен e-Otinish платформасы және eGov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі ашылған еді. Ал 2 желтоқсанда өткен екінші отырыста жаңа Парламентті қалыптастыру мәселесі қарастырылды. Үшінші отырыс 29 желтоқсанда ұйымдастырылып, болашақ Парламенттің заң шығару үдерісінің негізгі тетіктері талқыланды. Мемлекеттік кеңесші алдағы реформаға қатысты қоғамда кең көлемде талқыланып жатқанын еске салды. Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан бұқараның ұсыныстарымен бөлісті. e-Otinish және eGov платформалары арқылы 500-ден астам ұсыныс түскен. Бұл жолғы отырыс болашақ Парламенттің басқа да билік институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне және бірпалаталы жаңа Парламенттің атауын қарастыруға арналды. Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев болашақ Парламенттің мемлекеттік биліктің басқа да институттарымен өзара іс-қимылы кезіндегі өкілеттіктеріне қатысты жалпы тәсілдер туралы айтты. Жұмыс тобының мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды.