Конституциялық комиссия жаңа Ата заңның жобасын дайындады

Жарты жылға созылған қызу талқылаулар мен қоғам пікірі тоғысқан кезең өз межесіне жетті.

Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Ата заңының жобасын көпшілік назарына ұсынды. Егемендік пен аумақтық тұтастықты өзгермейтін құндылық ретінде бекіткен құжатта адам құқықтары, заң үстемдігі және халықтың биліктегі шешуші рөлі айқындалған. 

Конституциялық комиссия жұмысы қыза түсті. Бүгін жалпақ жұртқа жаңа Ата заңның нұсқасы таныстырылды. Ортада сөз алған Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов басты құжаттың жобасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл жоба соңғы жарты жылда азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық сот төрағасының орынбасары - Конституциялық комиссия мүшесі:

- Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Конституцияның преамбуласы толығымен жаңарды.Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Егемендік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар. Жаңа Ата заң жобасында бұл ережелер шегелеп жазылған. Яғни егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық пен басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар ретінде Конституцияның алғашқы баптарында бекітілген.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық сот төрағасының орынбасары - Конституциялық комиссия мүшесі:

- Кеше комиссия аясында егемендік халыққа тиесілі екенін Конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалған болатын. Бұл идея да Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылды.

Ата заңның тың жобасында жаңа, оныншы бөлім пайда болды. Ол - негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналған. Енді Конституцияға кез келген түзетулер енгізу жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл ұсыныс жаңа жобада көрініс тапты.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық сот төрағасының орынбасары - Конституциялық комиссия мүшесі:

- Парламент арқылы түзетулер енгізу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл мәселе бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Президентке ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына қосымша Қазақстан Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылды.

Сонымен қатар алғаш рет Адвокатураның құықтық мәртебесін Ата заңда бекіту ұсынылып отыр. Ал адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау басты қағидат ретінде айқындалған. Сондай-ақ заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілген.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – Конституциялық комиссия мүшесі:

- Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа редакциядағы Конституцияның алтын арқауына айналып отыр. Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету. Заң мен тәртіп үстемдік етпейінше, қоғам дамымайды, сана өзгермейді. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты. Жалпыұлттық бірлікті бекемдеу - тұрақты дамудың кепілі болып қала береді. Ортақ мақсаттар үшін тұтас ел болып жұмылу – мемлекеттілігіміздің мызғымас қағидасы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сөзінше, Қоғамның рухани адамгершілік құндылықтары жүйесі деген ұғым төңірегінде түрлі талқылаулар мен пікірлер өрбіген. Бұған қатысты тек қоғам арасында ғана емес, сонымен қатар комиссия мүшелері арасында да қызу пікір талас жүрген. Ақыры арба да сынбайтындай, өгіз де өлмейтіндей байламға келіпті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – Конституциялық комиссия мүшесі:

- Комиссия мүшелері Қарлығаш Жаманқұлова, Әділ Балтабаев және тағы басқалары тарапынан осы жөнінде мәселелер көтерілген болатын. Бұл ұсыныстар қабылданып, ол ұғым БҰҰ Халықаралық пактісіне сәйкес өзгертілді. Сондықтан жаңа мәтінде комиссия мүшелерінің жаңа ұсыныстары толық қамтылды деп айта аламыз.

Ел азаматтары жаңа Конституция жобасының мәтінімен толық танысуы тиіс. Сондықтан комиссия төрағасы Эльвира Азимова оны «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жариялауды тапсырды. Ал азаматтар жаңа жобамен толық танысып болғаннан кейін комиссия жұмысы әрі қарай жалғасатын болады.

Авторы: Риат Шони