Конституциялық комиссия отырысы

Ел тағдырын айқындайтын басты құжат – Конституция. Оның әрбір бабы, әрбір сөзі қоғам үшін маңызды. 

Өткен аптада жаңа Ата Заңның жобасы жарияланып, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Қоғамда қолдаған да, алаңдаған да пікірлер айтылды. Бүгін Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында сол сауалдарға жауап беріліп, елді алаңдатқан негізгі мәселелерге нақты түсінік жасалды. 

Өткен аптада Конституциялық комиссия жаңа Ата Заңның жобасын жалпақ жұртқа жария етіп, халық талқысына салған болатын. Қоғам өз пікірлерін айтып, келісетін және келіспейтін тұстарын да жарыса жазды. Бүгін кезекті отырысқа жиналған комиссия мүшелері осы сұрақтарға жауап берді. Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимованың сөзінше, комиссия консультативтік кеңесші сипатындағы орган. Сондықтан оның республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдауға өкілеттігі жоқ.

Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы:

Жаңа Ата Заңның жобасында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдум арқылы енгізілетіні туралы ереже бекітілгенін ерекше атап өткен жөн. Жобаның бірінші нұсқасы жарияланғаннан кейін алғашқы үш күнде медиа кеңістікте адам құқықтарына қатысты кейбір мәселелер, соның ішінде адвокатураның тәуелсіздігі мен сот жүйесіндегі өкілдік кепілдіктері, халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан басымдығы, сондай-ақ «күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты негізінде заң шығарушы органның қызметі мен оған пропорционалды сайлау жүйесі кеңінен талқыланды. Комиссияның мақсаты да сол болды. Яғни біз дәл осындай мазмұнды және нақты пікірталас арқылы диалог құруды қаладық.

Қоғам қызу талқыға алған негізгі тақырып – қазақ тілінің мәртебесі. Яғни Ата Заңда мемлекеттік тіл статусы шегеленіп тұруы тиіс. Отырыста сөз алған стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов бұл мәселе жаңа Ата Заң жобасында айқын көрініс тапқанын айтады. Тағы дін мен саясаттың да аражігін ажырататын түзетулер қарастырылғанын алға тартты.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, Конституциялық комиссия мүшесі:

- Қоғамда ұзақ жылдар бойы дінді мемлекеттен институционалдық тұрғыда ажырату қажеттігіне қатысты сұраныс қалыптасты. Осындай қоғамдық сұранысқа жауап ретінде Конституция дінді мемлекеттен бөлу қағидатын айқындай отырып, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау мақсатында діни ұйымдардың қызметіне белгілі бір шектеулер қоюды көздейді. Конституция жобасында зайырлылық — адами капиталға, ғылым мен инновацияға басымдық беретін білім берудің заманауи жүйесін дамытудың қажетті шарты ретінде белгіленеді. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді сын-қатерлеріне төтеп беруге керек қадам.

Ендігі бір мәселе – ол Егеменді елдің аумақтық тұтастығы жайы. Осыған қатысты қоғам арасында жалған ақпарат тарап, керағар пікірлер өрбіп жүр. Яғни Ата Заңда елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығы өзгереді деп байбалам салғандар көбейген. Бұл ретте мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мұны таза манипуляция деп, керісінше, жаңа Конституцияда мұндай әрекеттерге берік тосқауыл қойылғандығын айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

- Атап айтқанда, жаңа Преамбулада мемлекеттің шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылған. Сол секілді 2-баптың 6-тармағында Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді деп нақты көрсетілген. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығы болашақта мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Тіпті референдумға да болашақта мұндай мәселелер шығарылмайтынын білдіреді. Мұны бүкіл ел азаматтары білуі керек, түрлі жаңағы араңдатушылықтарға ермеу қажет осы мәселе бойынша.

2-баптың 6-тармағында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі өзгермейді деп нақты тұжырым жасалған. Сонымен қатар 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі құраушы қағидаттары ең алдымен егемендік пен тәуелсіздікті қорғау деп басталады. Нығайту, дамыту емес, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау деп басталады.

Айта кету керек, жуырда Қоғамдық пікір институты арнайы сауалнама өткізген болатын. Нәтижесінде респонденттердің 79 пайызы жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны уақтылы деп санайды. Ал сауалнамаға қатысқандардың дені, яғни 78 пайызы бұл реформаны қолдайтындықтарын айтқан екен.

Авторы: Риат Шони