Алматыда саясаттанушылар жаңа Конституция жобасын талқылады
Алматыда жаңа Конституция жобасын сараптамалық тұрғыда талқылауға арналған жиын өтті.
Іс-шараны Қазақстанның философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды. Жиынға танымал қазақстандық ғалым-саясаттанушылар, қоғам өкілдері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері Үнзила Шапақ пен Жанарбек Әшімжанов қатысты. Талқылау барысында ғылыми қауымдастық өкілдері Ата Заң мәтініне енгізілген жаңашылдықтарға тоқталып, олардың елдегі саяси жаңғыру үдерісіндегі негізгі рөлін атап өтті. Ғалымдардың пікірінше, жаңа құқықтық құжат мемлекеттің басты құндылықтарын нақтылай түседі. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, бір палаталы парламент моделі және үкімет құрылымдарының жаңартылған жұмыс тетіктері аса маңызды өзгерістер ретінде бағаланды.
Үнзила Шапақ, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл Конституцияда белгілі деңгейде құндылықтарымыздың барлығын қамтып, нақтылып жаздық. Оның өзінен де сұрақтар туындайды. Барлығы ескерілді ма, жоқ па? Жоқ мына құндылықты қалай түсінуімізге болады. Мысалы, төл мәдениетін қорғау деген тарау, тармақтың төңірегінде де, біз және біраз талқыладық. Орыс тілінде ол ұлттық деп жазылған, қазақ тілінде төл деп жазылып тұр. Осының мағынасына да сұрақ туындайды, осындай сұрақтарды талқылап отырмыз.