Ұлытауда өңірлік коалиция жұмысын бастады

Ұлытауда құрылған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы өкілдері алдағы бір ай ішінде 400-ге жуық кездесу өткізеді.

Аймақтағы ірі кәсіпорын, мекемелерге барып, көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап береді. Конституция реформасы аясындағы жаңа құқықтық нормаларды түсіндіреді. 50 адамнан тұратын өңірлік коалиция құрамында саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, заңгерлер, белсенді жастар мен депутаттар бар. Бүгінгі алғашқы отырыста олар алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

Ақбаян Нұртазинова, коалиция мүшесі:

- Бұл алаң саяси партиялар мен ұйымдардың осы маңызды шарадағы алғашқы маңызды қадамы деп айтуға болады. Бұл коалиция құрамына енген ұйымдар саяси науқанда, оның ішінде референдумды түсіндіруде белсенді қызмет атқаратын болады. Яғни халықпен ашық диалог ұйымдастырылып, халықтың саналы түрде таңдау жасауына мүмкіндік береді.