Оңтүстік дәліз – әлемдік нарыққа төте жол
Қазақстан құлашын кең сермеп, Оңтүстік дәлізді дамытуға мүдделі. Біздің ел Түрікменстан, одан әрі Ауғанстан, сол арқылы Пәкістанға шығу тетіктерін қолға алды.
Ай басында Пәкістанға мемлекеттік сапармен барған Мемлекет басшысы осы ел билігімен теміржол желісін дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Арнайы меморандум бекітті. Енді Үкімет осы жобаны жүзеге асыруға тиіс. Ол үшін ең бастысы Ауғанстан жерінде теміржол тартылуы керек.
Жоба қалай жүзеге асады?
Қазақстан Оңтүстік Азия арқылы Үнді мұхитына шығуға мүдделі. Мұны Президент Пәкістанға барған сапарында да айтты. Себебі әлемдік су жолымен қатар Оңтүстік Азиядағы нарықтың өзі зор. Халқы тығыз, тіпті жер беті тұрғындарының 20 пайыздан астамы, 2 млрд-қа жуық адам осы аймақта өмір сүреді. Яғни Ауғанстанда 40, Пәкістанда 240 млн, ал Үндістанда 1 млрд 400 млн-нан аса адам бар. Демек бұл нарық ел экономикасы үшін маңызды. Сондықтан Үкімет осы бағытта теміржол салуға ден қойып отыр. Ал бұл жол Ауғанстанды басып өтеді.
Оңтүстік Азия – 1,9 млрд адам
Ауғанстан – 40 млн адам
Пәкістан – 240 млн адам
Үндістан – 1,4 млрд адам
Темірхан Мұсағалиев, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Қазіргі таңда Ауғанстан мемлекетімен меморандумға қол қойдық. 2025 жылы 10 шілдеде. Және ақпанның 3 күнгі Мемлекет басшысының Пәкістанға сапарында Пәкістан мемлекетімен өзара меморандумға қол қойдық. Жоба жалпы Оңтүстік Азияны, Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны байланыстыратын бір бағыт деп есептейміз.
Иә, Оңтүстік дәліздің бір нұсқасы Түрікменстан, Ауғанстан арқылы Пәкістанға өтуге тиіс. Яғни Ақтаудан басталған болат жол Түрікменстанның Берекет, Мары қалаларының үстімен Ауғанстандағы Тургундиге барады. Және елді кесіп өтіп, Кандагардан Пәкістанға шығады. Одан әрі Үнді мұхиты жағасындағы Карачи, Гвадар порттарына жол ашылады. Қазақстан осы Ауғанстан аумағында теміржол тартуды жоспарлап отыр.
Ақтау
Берекет
Мары
Тургунди
Кандагар
Карачи
Гвадар
Темірхан Мұсағалиев, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Қазіргі таңда бұл жобаның нақты Ауғанстан аумағындағы маршрутын, қаржыландыру көздерін техникалық-экономикалық негіздеменің және қаржылық модель толық біткеннен кейін барып біздер нақты бір неге тоқталатын боламыз.
Әрине, әзірге жолдың құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатыны нақтыланып жатыр. Және бұл жолмен қанша жүк тасылып, мұхитқа жететіні де болжауға ерте. Тек жоба жүзеге асса, елдің логистикалық әлеуеті тағы бір саты көтерілетіні анық. Яғни қазір батыс пен шығыстың арасындағы алтын көпірге айналған Қазақстан оңтсүтік пен солтүстіктің арасындағы белді ойыншыға айналары сөзсіз.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мадияр Қындыбаев, Айбек Омархан