Қазақстан Токио конвенциясын ратификациялады
Қазақстан жоғары білім берудегі біліктілікті тану туралы Токио конвенциясын ратификациялады. Қазақстан үшін бұл құжаттың стратегиялық маңызы зор.
Ол білім берудегі сенімді және жауапты серіктес ретінде еліміздің халықаралық беделін нығайтып, сапа стандарттарына сәйкес келуге ұмтылысын растайды. Және ғылымды дамыту, академиялық алмасу мен бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін жаңа көкжиектерді ашады. Студенттер мен оқытушылар үшін шетелдік білім мен ынтымақтастыққа жол ашылады. Ал университеттер халықаралық аренада танылып, тартымдылығы артады. Сонымен қатар Қазақстанның Конвенцияға қатысуы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, соның ішінде Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония және басқалар үшін академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтеді және елде өңірлік жоғары білім хабын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болады.
Әлібек Мәдибеков, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры:
- Токио конвециясын ратификациялаған мемлекеттерден бізге түлектер келетін болса немесе студенттер келетін болса, біз ол оқу орнына үлкен бюрократиялық процестер жүргізетінбіз. Оқу орындарына сұраныс жіберетінбіз. Сол мемлекетте оқу орны бар ма? Жоқ па? Студент оқыды ма, жоқ па деген секілді. Сосын олардың жауабын күтіп отыратынбыз. Ал бұл жерде үлкен ақпараттық жүйеге біз қосыламыз.