Қ. Тоқаев: Бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтатын жаңа тәсілдер керек

Қазақстан Газа секторын қалпына келтіру ісіне қатысуға ниетті. Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші басқосуында осылай деді.

Президент халықаралық компанияларды тарта отырып, өңірдегі инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға дайын екенін мәлімдеді. Бағдарлама аясында тұрғын үйлер мен мектептер, ауруханалар және өзге де маңызды әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр. Әлемдегі ірі бидай өндіруші елдің бірі саналатын Қазақстан Газа мен оған іргелес аумақтарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге әзір.  Сонымен қатар, палестиналық студенттерге қолдау көрсету жоспарланған. Алдағы бес жыл ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін 500-ден астам грант бөлу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір деді. Далалық госпиталь ұйымдастыру үшін медицина мамандарын жіберу, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар ұсыну мүмкіндігі қарастырылуда. Осылайша, Қазақстан гуманитарлық және инфрақұрылымдық бастамалар арқылы өңірдегі тұрақтылыққа үлес қосуды көздеп отыр.