Қытай сарапшылары конституциялық реформа туралы пікір білдірді

Қытай сарапшылары Қазақстандағы саяси реформаны Орталық Азияда, тіпті посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ құбылысқа теңеді.

Қытай халық университетінің профессоры Сюй Циньхуаның пікірінше адам құқықтары мен құқық үстемдігі қағидаттарының Конституцияда нақты бекітілуі азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейтеді. Қазір ішкі және халықаралық тәуекелдер артып отырған шақта алдын ала институционалдық сақтандыру тетіктерін қалыптастыру аса маңызды. Мұндай батыл қадам Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, стратегиялық дербестігін қуаттаудың негізгі тірегіне айналады дейді халықаралық сарапшы.

Сюй Циньхуа, Қытай халық университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры:

- Менің ойымша, бұл реформалардың Қазақстанның саяси дамуы үшін маңызы мемлекеттік басқару моделін институционалдық, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан анағұрлым инклюзивті әрі әділетті заманауи жүйеге көшіруінде. Бұл экономикалық трансформацияға, қоғамның әртараптануына және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа берік негіз болады. Жаһандану кезеңінде белгісіздік пен тәуекелдер артқан жағдайда алдын ала институционалдық сақтандыру тетіктерін қалыптастыру аса маңызды.