Олжас Бектеновтің «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» мақаласы шықты
Келер жылдан бастап Қазақстан электр қуаты тапшы елдер қатарынан толық шығады.
Ел Үкіметінің болжамынша бұл мақсатқа 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай қол жеткізіледі. Қазіргі таңда аймақтарда жаңа стансалар салынып жатыр. Тек соңғы 7 жылда іске қосылған қуаттар Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық тұтынуына тең болды. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл атты мақаласында жазған. Кейінгі жылдары ел дамуына серпін берген қандай ауқымды істер атқарылды?
50 жылда ел жаңа. Ал соңғы 7 жылдың ішінде ғана Қазақстан жаңғырудың жарқын үлгісін көрсете білді. Бірақ бұл жолда талай тегеуріндерге де тап болды. Бұл кезеңде жер жаһанды пандемия жайлап, әлемдік экономика баяулады. Инфляция мен логистикадағы проблемалар да қыспаққа алды. Оның үстіне жылдар бойы күрмеуі тарқамай, қордалана берген ішкі мәселелер де күннен күнге шиеленісе түсті. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан жаңа реформалар жолына қадам басты. Ауқымды өзгерістердің нәтижесі ұзақ күттірмеді. Мәселен, былтыр әлемдік экономика өсімі 3,3 пайыз болса. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға артқан. Негізінен басымдық бұрынғыдай шикізатқа емес, дайын өнімге берілген. Осының арқасында өңдеу өнеркәсібінің тамырына қайта қан жүгіріп отыр. Яғни, бұл саладағы көрсеткіг соңғы 7 жылда 2,5 есе өсіп, 30 трлн теңгеге дейін жетті. Ал экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі былтыр 12,7 пайызға дейін артса, кен өндіру секторы керісінше 12 пайызға дейін қысқара түскен.
ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ
2019 жыл — ₸11,5 трлн теңге
2025 жыл — ₸30,6 трлн теңге
Өсім — 2,5 есе
ЭКОНОМИКА ҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Өңдеу өнеркәсібінің үлесі
11,4% ➝ 12,7%
Кен өндіру секторының үлесі
14,5% ➝ 12%
Ал соңғы 7 жылда номиналды жалпы ішкі өнімі 306 млрд долларға жуықтаған. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 15 мың долларға жетті.
7 жылдағы экономикалық өсім
Номиналды ЖІӨ
2019 жылы — $181,7 млрд
2025 жылы — $305,9 млрд
Өсім — 1,7 есе
Жан басына шаққандағы ЖІӨ
2019 жыл — $9,8 мың
2025 жыл — $15 мың
ЦИТАТА:
Ел экономикасының дамуындағы көшбасшы салалардың бірі – бүгінде тұрақты өсім көрсетіп отырған құрылыс секторы. Тек өткен жылдың өзінде елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем екі бірдей облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұрғын үй қорынан асып түседі. Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, сондай-ақ орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестіктің ішінде тұр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
«EGEMEN QAZAQSTAN» қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласынан
Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы күрмеуі тарқамай келген күре жол мәселесі де біржақты етілді. Осыған дейін тиісті қаржыландыру болмағаннан соң тек шұрық-тесіктер ғана жамалып келген. Бұл үрдіс Президент тапсырмасы бойынша түбегейлі өзгеріп, 7 жыл ішінде 25 мың шақырымнан астам тас жол салынып, күрделі жөндеуден өтті. Тағы Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс-Шығыс негізгі дәліздері іске асырылып, барлық өңірде жергілікті жолдар желісі едәуір жаңартылды.
ЦИТАТА:
Жолдарды жөндеу мен жаңадан салу экономикаға мультипликативті әсер берді: шығындар қысқарып, сауда-саттық көлемі өсті, шағын және орта бизнес дамып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығы арта түсті. Іс жүзінде күре жолдар еліміздің экономикалық кеңістігінің негізіне айналды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
«EGEMEN QAZAQSTAN» қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласынан
Жеті жылда ауқымды жұмыстар атқарылды деп арқаны кеңге жаятын кез емес қазір. Алда әлі қыруар шара бар. Негізгілерінің бірі – энергетика жайы. Премьер-министр өз мақаласында еліміз 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай электр энергиясы тапшы елдер қатарынан шығып, профициттік деңгейге өтеді деп отыр. Бұл бағытта осыған дейін маңызды шешімдер қабылданып, ілкімді істер тындырылды. Қазір еліміздің бірқатар қалаларында жылу электр орталықтары жаңартылып, стансалардың қуаты кеңейтіліп жатыр. Сондай-ақ жаңа энергия көздерін іске қосу жобалары да қолға алынған. Нәтижесінде соңғы екі жылда жылу маусымы ірі апаттарсыз өтті.
ЦИТАТА:
Президент энергетикалық тұрақтылықты ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп атап, мұндағы шешімдер ондаған жылдар ілгері қабылдануға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте елімізде электр энергиясын өндіру жоспарлы түрде өсуде. Мәселен, ол 2019 жылғы 106 млрд кВт/сағаттан 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағатқа дейін жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, жеті жылда іске қосылған қуаттардың жалпы көлемі Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық тұтынатын электр энергиясына тең.
«EGEMEN QAZAQSTAN» қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласынан
Өскелең ұрпақты қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы ретте іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын да ерекше атап өту керек. Үш жыл ішінде еліміздегі 7 миллион баланың есеп-шотына бүгінде 2,5 миллиард доллардан астам қаражат аударылған. Ал соңғы 7 жылда ел бойынша 1300-ден астам мектеп салынып, апатты және үш ауысымды білім ұяларының саны азайды. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи білім ордасы пайдалануға берілген.
Риат Шони