Қазақстан Атом энергетикасы жөніндегі саммитке қатысты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан делегациясы Парижде Ядролық энергетика жөніндегі екінші халықаралық саммитке қатысты. 50-ден астам елдің Мемлекет, Үкімет, мемлекеттік орган басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, қаржы институттарының, өнеркәсіптің және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері азаматтық ядролық энергетиканың негізгі энергетикалық және климаттық сын-қатерлер жағдайындағы рөлін талқылады. Еуропа атом энергетикасынан бас тарту «стратегиялық қателік» болғанын ресми түрде мойындаса, Қазақстан, керісінше, бейбіт атомды дамытуда, жаңа кезеңге қадам басты.

Дәстүр бойынша Франция президенті мен Атом қуаты халықаралық агенттігінің бас директоры саммитке келген мәртебелі қонақтарды қарсы алып жатыр. Олардың қатарында Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйн, Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гоцин мен Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бар. Жиналғандар әлемде ядролық сала қайта жанданып келе жатқанын атап өтті. Саммитті ашқан Эммануэль Макрон атом энергетикасын прогресс пен ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын фактор деп атады. Сондай-ақ ол Қазақстанның уран жеткізудегі сенімді рөлін атап өтіп, елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

- Атом энергетикасын жаңғыртуға, оның тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға инвестиция салуға басымдық беру керек. Екінші басымдық - өндірісті ұлғайту. Ол үшін технологияларды стандарттау қажет. Бұл - саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі қадам. Елдер арасындағы ортақ стандарттар бірлескен реакторларды, әсіресе шағын модульдік реакторларды дамытуға мүмкіндік береді.

Рафаэль Гроссидың айтуынша, электр энергиясының тапшылығы, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы мен экологиялық өзгерістер атом энергиясына деген сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Бүгінде әлемдік электр энергиясының шамамен 10 пайызы ядролық энергетикаға тиесілі. Бұл үрдісті Еуропа да мойындап отыр. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуропаның азаматтық атом энергетикасынан бас тартуды стратегиялық қателік деп атады. Осыны ескере отырып, Еуропалық одақ инновациялық ядролық технологияларға инвестицияларды қолдау үшін 200 миллион еуро көлемінде кепілдік қорын құруды жоспарлап отыр. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында бейбіт атом қауіпсіздігін дамыту ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:

- Қазақстан энергетикалық дамудың жаңа белесіне – атом энергетикасы дәуіріне қадам басуда. Біз атом энергетикасын стратегиялық тұрғыда сенімді әрі қолжетімді энергия көзі ретінде қарастырамыз. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығарды. Референдум нәтижелері бүгінгі таңда бізге заманауи, орнықты әрі әртараптандырылған энергетикалық жүйені дамытуға жол ашып отыр. Атом электр стансасын салу жобасын іске асыру халықаралық консорциум құруды көздейді. Қазіргі уақытта табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және техногендік факторларға баға беріле отырып, кешенді инженерлік зерттеулер жүргізілуде.

Қазақстан әлемдегі уран қоры бойынша екінші орында тұр. Былтыр ел 26 мың тонна уран жеткізді. Бұл әлемдік тұтынудың шамамен 40 пайызын құрады. Атом агенттігі АЭС құрылысын бастаған Қазақстанды салаға қатысты бағдарламаларын нақты іске асыру кезеңіне өткен мемлекет ретінде атап өтті.

Алмасадам Сатқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:

- Бұл тұрғыда Қазақстанның жұмысы көпке үлгі бола алады. Ішкі нарықта уранға сұраныс қалыптастыру, оны еліміздің энергетикасында пайдалану, отын өндірісін дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, АЭС құрылысы кезінде жергілікті өндіріс үлесін арттыру - мұның бәрі Қазақстан өнеркәсібінің дамуына қуатты серпін береді. Біз бұл артықшылықтарды жақсы түсінеміз. Президент тапсырмаларын белгіленген мерзімде орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отырмыз.

Қазақстан тарапы саммит қатысушыларына елдің атом саласындағы саясатын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің  стандарттарына сай құрып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ кадр даярлау мен білім беру саласында жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастыққа дайын екенін хабарлады.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан