Шығыс Қазақстан облысында 533 дауыс беру учаскесі ашылды
Таңғы сағат жетіден бастап барлық учаскелер Референдумға қатысушыларды қарсы алып жатыр.
Жалпы облыс аумағында 485 мыңнан аса дауыс беруші тіркелген. Тілшіміз Эльмира Ахметова тікелей қосылымға шығып, жергілікті жұрт белсенділігі жайлы айтып беруге дайын.
Эльмира Ахметова, тілші:
-Біздегі дауыс беру учаскелері де таңнан бері жұмыстарын бастап кетті. Жалпы облыс бойынша 533 учаске болса, соның 129 осы Өскеменде ашылды. Барлық дауыс беру орындары алдын ала толық жабдықталып, дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасалған. Жалпы 4 мыңға жуық учаскелік және аумақтық комиссия мүшелері жауапты міндеттеріне кірісіп кетті. Біз қазір 46 мектепте тұрмыз. Бұл мекеме қаланың Жібек маталар комбинаты ауданында яғни ең ірі жаңа ықшам ауданда тұр. Осы үш учаскенің өзінде жалпы 9 мыңға жуық дауыс беретін азаматтар тіркеліпті. Ал мен тұрған 95-ші учаскеде 2700-ден астам адам тіркелген. Дауыс берушілер арасында, әрине, қарттар белсенділік танытып жатыр. Байқағанымыздай осы маңдағы қариялар жиналып жай келмей, Амал мерекесін атап өтіп, оның мән-мағынасын тұрғындарға насихаттай кетуді жөн көрген екен. Әжелер мен ақсақалдар ұлттық киімде жарқырап келіп, көрісіп, амандық-саулық сұрасып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір-біріне ізгі тілектерін жеткізді. Осы бір-бірлескен шара арқылы қарттар бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті. Таңмен таласа келген олар қоғамдағы әр өзгеріске, жетістікерге бей-жай қарамау керегін айтып, кейінгі буын жастарды да осыған шақырды. Сөйтіп сәні мен салтанаты келіскен қариялар өз таңдауларын жасап кетті. Қарттардың жолын жастар да жалғастырып жатыр. Мәселен бүгін алғаш рет дауыс беру құқына ие болған қыз-жігіттер де келі өз таңдауларын білдірді.