М.Әшімбаев: Парламентке жаңа Конституцияға қатысты маңызды міндеттер жүктелді
«Жаңа Конституцияны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету маңызды. Алдағы жоспарлар – Мемлекет басшысының жаңа Ата заңды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес белгіленуге тиіс». Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.
Ол Парламент алдында жаңа Конституциялық Заңдарды қарау және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу секілді маңызды міндеттер тұрғанын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Жалпыұлттық референдум ел бірлігінің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды. Халық жаңғыру мен жаңару жолын таңдау арқылы ұзақмерзімді дамудың берік негізін қалады. Енді алдымызда жаңа Конституциядан туындайтын ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы ҚР Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес Парламентке бірқатар маңызды міндет жүктеліп отыр. Осы ауқымды жұмысты Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп, уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек.