Отандық өнімге қолдау қажет

«Отандық өндірушілер елдегі сауда желілеріне азық-түлік өнімдерін өткізе алмай отыр». Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осылай деп дабыл қағып, депутаттық сауал жолдаған еді.

Оның айтуынша, супермаркеттерде әлі де өз өнімімізден гөрі өзге елдің тауары басымдыққа ие. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елдегі ірі сауда желілерінде 2 жарым мыңға жуық отандық өндірушінің тауары қойылған. Алайда олар қаншалықты өтімді? Жергілікті кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері қандай?

Абай Мырзабаев осымен 6 жыл қатарынан тәтті тағамдар және тұрмыстық химия өндірісімен айналысып келеді. Жылына 140 тонна шығарып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтып отыр. Алайда, кәсіпкер баға бәсекесінде импорттық өнімнің бәсі жоғары екеніне наразы.

Абай Мырзабаев, кәсіпкер:

- Біз бір затты, өзіміздің шығаратын затты да, шетелдік шикізаттарын барлық мемлекеттік төлемдерін, салықтарын, осы жаққа келгеннен кейін барлығын төлесек, ал біздің басқа да адамдар шекарадан контрабандалық жолмен төлемей алып келетін болса, бағада 15-20 пайызға дейін айырмашалық ойнайды. Біздің баға олармен бәсекелестік туындыра алмайды.

Кәсіпкерлер тарапынан түсетін осы сынды өтініштер легі толассыз. Мұны ескерген депутат Аманжол Әлтай Сауда және интеграция министріне сауал жолдап, отандық кәсіпті қолдаудың тетіктерін ұсынды.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда қазақстандық көптеген өндірушілер ірі азық - түлік сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылып, импорттық тауарлар ең көзге көрінетін аймақтарға қойылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды «ұятты ахуал» деп бағалады. Осыған байланысты мәселе тек бақылауды күшейтумен шектелмей, отандық өнімге нақты басымдық беретін «өнімдік патриотизм» жөніндегі кешенді мемлекеттік тұжырымдаманы әзірлеу маңызды.

Мұның шешімі ретінде мәжілісмен алдымен, отандық дайын өнімнің сөрелерге шығуын күшейтуге бағытталған нақты бағдарламаны әзірлеу қажеттігін алға тартты. Бұдан соң Қазақстандық тауарларды визуалды түрде ең тиімді аймақта орналастыру талабын қойып, азық-түлік маркетплейстерінде импорттық тауар таңдалса, іздеу мен ұсынымда отандық баламалардың міндетті түрде көрсетілуі керектігін атап өтті. Жауапты министрлік бұл шаруаны ширатып жатқанын айтады.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрілігінің ресми өкілі:

- 2024 жылдың соңына қарай Сауда және интеграция министрлігі соңғы 30 жылда алғаш рет сауда және мемлекеттік субъектілеріне қолдау көрсету тетігіне ие болды. Яғни сауда желілері немесе сауда базарлары егер сол субъектіні жаңартатын болса немесе модернизациядан өткізетін болса, онда мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, қаржылай қолдау алу мүмкіндігіне ие болды. Ал министрлік оларға қарсы міндеттеме ретінде сөредегі тауарлардың отандық үлесін кеңейту туралы талап қойды.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі ірі сауда желілеріне 2 жарым отандық өндірушінің өнімі қойылған. Өткен жылдың соңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге кеңейгені де белгілі. Енді осы бойынша ақпан айында министрлік өкілдері Қазақстандағы ірі сауда желісі нүктелеріне тексеріп жүргізіп, нәтижесінде, тізімдегі тауарлардың 83 пайызы отандық өнім екені анықталған. Енді өнімнің сатылымына, жергілікті кәсіпкерлерге шектеудің бар-жоқтығына тоқталсақ.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрілігінің ресми өкілі:

- Егер қандай да бір қазақстандық өнім сауда желісінде сөреге шыға алмай жататын болса, қандай бір негізсіз бас тартулар болатын болса, онда Сауда және интеграция министрлігінің сауда комитетіне шағым жолдай алады. Ешқандай шектеу жоқ. Керісінше, сауда заңнамасында қолдау көрсетілген.

Бұған сәйкес қазақстандық кәсіпкердің өнімінен негізсіз бас тартқан сауда желісі 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Депутат талап еткен мәселенің тағы бір парасы өз өнімдеріміздің көз деңгейінде, ең жоғары көріну аймағында орналасуы мен «Қазақстанда жасалған» деген белгімен таңбалануына қатысты. Жауапты мекеме өкілінің айтуынша, бұл жайттар да Сауда заңнамасында ескерілген. Заңды белшеден басқандар 5-тен 300 АЕК-ке дейін айыппұлға ілігеді.

Авторлары: Назым Кенжебай, Досбол Байділдин