Астанада «RES 2026 EXPO» көрмесі басталады
Елордада өтетін RES 2026 EXPO көрмесіне 20 мыңнан астам адам қатысады.
Іс-шарада жасыл экономика мен климаттық инвестициялар бойынша бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылады. Көрме аумағында 8 тақырыптық аймақ көрсетілген. Бағдарлама шеңберінде жасыл технологиялар таныстырылып, панельдік сессиялар өтеді. Ал Green Invest Forum аясында стартаптар байқауы жоспарланған.
Бұл RES 2026 EXPO көрмесі. Мұнда отыздан астам елден келген 300-ге тарта компания өздерінің инновациялық жобаларын таныстырады. Көріп тұрғанымыздай, көрме кеңістігі толықтай экология тақырыбына бейімделген. Басты жобалар жаңартылатын энергия көздері, табиғи ресурстарды тиімді басқару және қоршаған ортаны қорғауға арналған.
Алтынай Боранбаева, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициалық жобалар орталығының жетекші менеджері:
- Орталық Азияда бірінші рет өткізілетін үлкен іс. Орталық Азияның 6 мемлекетінен және Әзербайжаннан келген павильондар. Сол көрменің ішінде эко кинофестиваль, эко фешн фестиваль өтеді. Кинофестивальға 6 мемлекеттен әртүрлі кинолар әкелінді. Ол кинолардың бәрі экологияға қатысы бар. 9 мемлекеттен дизайнерлер өз шығармаларын әкеліп, фешн фестиваль өткізеді.
Бұдан бөлек Eco Startup Competition акселерациялық бағдарламасы шеңберінде Орталық Азия стартаптары инвесторлар алдында өз жобаларын ұсынады. Байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 15 стартап іріктелді.
Татьяна Хасанова, ментор:
- Үш күн ішінде командалар өз стартаптарын жетілдіріп, мақсатты аудиторияларын анықтайды. Біз оларға жобаның экономикалық және климаттық әсерін есептеуге көмектесеміз. Инвестиция тарту жолдарын бірге қарастырамыз. Бағдарлама қорытындысы бойынша финалда бес жеңімпаз анықталады. Яғни бір бас жүлде және төрт арнайы жүлде табысталады.
Бағдарламада тұрмыстық қалдық көлемін азайтатын отандық стартап жоба таныстырылады. Тың бастама экомәдениетті қалыптастырып, ресурстарды тиімді пайдалануды көздейді. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жауапты тұтыну дағдыларын дамытуға да ықпал етеді, - дейді жоба авторы.
Сания Аринова, Қазақстандық қатысушы:
- Біздің экосан стартабымыз сіздер күнделікті қолданатын бір реттік тауарларға көп реттік балама жасаймыз. Мысалы, күнделікті қолданатын гигиеналық тауарлар. Балаларға арналған жөргектер. Бұл балама халыққа жеті есе арзан. Экологиялық тұрғыдан әлдеқайда жақсы. Сондай-ақ өндірістен шыққан, қолданып болған, мысалы, рекламадан шыққан баннерлерден апсайкл жасаймыз да олардан басқа заттар тігіп шығарамыз. Сумка, белдемше сияқты басқа заттар.
Еуропалық қайта құру және даму банкі 2030 жылға қарай су шығындары 30 пайызға жетуі мүмкін дейді. Қазірдің өзінде халықтың 15 пайыздан астамы таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Ал су ресурстарының 50 пайызға жуығы суармалы алқапқа жұмсалады. Бүгінгі көрмеде осы мәселенің шешімін табуға арналған жобалар да бар.
Оман Абышев, қырғызстандық қатысушы:
- Біздің жобамыздың атауы - Water Watch AI. Бүгінде су дағдарысы өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бұл тек Қырғызстан ғана емес, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үшін де ортақ мәселе. Біз жасанды интеллект, дрондар және лидар технологияларын пайдалынып, Орталық Азиядағы су бассейндерінің имитациялық картасын әзірлеп жатырмыз. Бұл ғалымдар мен құзырлы орган өкілдеріне су саясатын реттеп, ресурстарды тиімді жұмсауға көмектеседі.
Көрме бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам өкілдерін бір ортада тоғыстырып, экологиялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Іс-шараға шамамен 2 мыңға тарта делегат қатысады. Мұндай бастамалар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, инновациялық шешімдерді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді, - дейді сарапшылар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ғалымжан Абдылахат, Абдулхамит Бөлекбаев