Мемлекеттер басшылары ӨЭС-тің көрме павильондарын аралады

Өңірлік экологиялық саммитке келген Президенттер көрме павильондарын аралады.

Қазақстан, Армения, Грузия басшылары мен өзге де мәртебелі меймандарға Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның павильондары таныстырылды. Онда жасыл энергетика мен табиғи ресурстарды басқару бағыттарына ден қойылған. Көрмедегі экспозициялар орнықты экожүйені сақтауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық орнатуға және Арал маңын қайта қалпына келтіруге үндейді. Сондай-ақ Мемлекеттер басшыларына аймақ елдеріндегі бизнестің экожобалары көрсетілді. Жалпы көрме әлемнің 30 елінен келген 240-тан астам қатысушы мен халықаралық серіктестердің басын қосты. 120-дан аса павильонда озық бастамалар ұсынылды. Бұған қоса нысанда инновациялық жобалар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Жасыл» стартаптардың байқауы ұйымдастырылған.