Қазақстан мен Ресей мәдени байланысын нығайтып жатыр

Бүгін елордада Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері аясында екі елдің мәдени ынтымақтастығының жаңа жобалары талқыланды.

Ұлттық музейде өткен дөңгелек үстелде мемлекеттік органдар мен шығармашылық индустрия өкілдері – музей, театр, кино және білім беру салаларының мамандары бас қосты. Олар бірлескен бастамаларды іс жүзінде дамыту жолдарын талқылады. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев қатысты.

Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени диалог дәстүрлі сипат алып келе жатқанын атап өтті.Тараптар бірлескен көрмелер, кинофестивальдер өткізіп, түрлі гастрольдер ұйымдастырып келеді. Басқосуда тараптар жаңа бастамаларды талқылап, бірлескен жобалар аясын кеңейтуге ниет білдірді. Ал биыл күзде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясы қорынан алынған туындылар ұсынылатын ХХ ғасырдағы орыс өнері көрмесі ашылады.

Гүләйім Жұмабекова, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры:

- Біз осы екі елдің мәдени ынтымақтастығы негізінде біздің ең басты міндетіміз - біздің қазақтың ұлттық мәдени құндылықтарымызды насихаттау. Осы күнге дейін көптеген басқа да Ресей музейлерімен бірігіп, көрмеден бөлек, шеберлік сабақтар өткізіліп, жас мамандарды стажировкаға шақырған болатын. Конференцияға, форумдарға қатысып, өзіміздің мәдени, ұлттық шығармаларымызды насихаттауды жалғастырамыз.

Ресей Федерациясының Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев екі ел арасындағы мәдени байланыс жылдар бойы нығайып, ортақ құндылықтарға негізделгенін атап өтті. Тараптар музей, театр, кітапхана ісі сынды бағыттарда әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті.

Андрей Малышев, РФ Мәдениет министрінің орынбасары:

- Біз Қазақстанмен мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Бауырлас Қазақстан Ресейдің мәдениет қайраткерлерін ерекше ықыласпен қарсы алып келеді. Бұл екі елді ортақ мәдени кеңістік, рухани құндылықтардың сабақтастығы байланыстырып отырғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Сондай-ақ, Ресейде өткен Қазақстан мәдениеті күндерін де ыстық ықыласпен еске аламыз. Ол маңызды оқиғаға айналып, шығармашылық байланыстарымыздың жоғары деңгейін танытты. Бүгін біз үшін алдағы жылдардағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылау аса маңызды. Әсіресе музей ісі, театр саласы, білім беру, кітапхана ісі және ынтымақтастықты нақты мазмұнмен байыта алатын өзге де бағыттар бойынша пікір алмасу қажет.

Дөңгелек үстелде музей ісіне басымдық берілді. Ұлттық музей мен І Петр атындағы Антропология және этнография музейі қазақ этнографиялық материалдарының каталогын бірлесіп әзірлеу жөнінде келісімге келді. Бұдан бөлек Мемлекеттік Эрмитажбен бірлесіп, 2027 жылдың күзіне жоспарланған жаңа археологиялық көрмелер мен өзара экспозициялар дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар реставрация саласындағы әріптестік те жандана түсті. Қазақстан тарапы осы бағыттағы мамандардың Ресей орталықтары базасында тағылымдамадан өту бағдарламаларын жалғастыруға, сондай-ақ шекаралас аумақтардағы музейлермен каталогтау және архив ісі бойынша бірлескен жұмысты тереңдетуге дайын екенін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ресей Федерациясының Ресей этнографиялық музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Юлия Купина, Ресей Этнографиялық музейінің директоры:

- Бұл жұмыстар шамамен 125 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ресей этнографиялық музейіне алғаш түскен коллекциялардың бірі Орталық Азияға, әсіресе Қазақстанға қатысты болған. Қазір ауқымды қор жинақталған. Біздің басты міндетіміз-музей қорларын зерттеу, сақтау және цифрландыру. Көрмелер арқылы біз жәдігерлерді олардың тарихи мекенінде халыққа таныстыра аламыз. Бүгінгі іс-шара аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ғылыми зерттеулер, жарияланымдар, көрмелер ұйымдастыру сынды бағыттарда әріптестікті нығайтуды көздейді. Алдағы уақытта бірлескен далалық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Аида Балаева 2027-2028 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспары нақты жобалармен толықтырылатынын атап өтті. Киноиндустрияда фестивальдік көрсетілімдерден гөрі фильмдерді бірлесіп түсіру мен ілгерілетуге басымдық беріле бастады. «РОСКИНО» өкілі ортақ практикалық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Ал «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы дайындық кезеңі аяқталуға жақын қалған «Время» фильмі бойынша жұмысты жалғастыруға әзір екенін растады. Түсірілім жұмыстары Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланып отыр. Кездесу барысында жас ресейлік және қазақстандық композиторлар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ джаз музыкасын дамытуға басымдық беру және концерттік алаңдар арқылы өзара ықпалдастықты жетілдіру жолдары талқыланды. Хореография өнерін өркендету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта бірлескен білім беру бастамаларын, тағылымдама бағдарламаларын, шеберлік сабақтарын жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің бейінді академияларында қос дипломды даярлау жүйесін енгізу перспективасы қарастырылды.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ержан Рахманбердиев