Е. Қошанов: Өңірлермен қоғамдық кеңестер арқылы берік байланыс орнайды
Заңға сәйкес Халық Кеңесінің қызметі жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестер арқылы қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысы осындай міндет қойып отыр. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің қоғамдық кеңестерінің өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай серіктестік бірден бірнеше салада белсенді жұмыс істеуге сеп. Кеңестің міндеті - өңірлерден келіп түсетін сан алуан ұсыныстар мен мәселелерді жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, нақты шешімдер әзірлеу. Осы мақсатта бейінді комитетке Хатшылықпен бірлесіп, деректерді тұрақты түрде жинау тетігін жолға қою тапсырылды. Сонымен қатар шешімдер қабылданғанға дейін қоғамдық сараптама жүргізу мен ықтимал тәуекелдерді бағалауды көздейтін «нольдік оқылым» тетігіне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік актілерді әзірлеу кезінде маңызды. Жиында бірқатар ұсыныс қабылданып, назарға алынды.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы өңірлермен қоғамдық кеңестер арқылы берік байланыс орнату міндетін қойды. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әр адамның пікірі ескеріліп, әр азамат елдік мәселелерді талқылауға өз үлесін қоса алады. Біздің басты міндетіміз - халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу.