Қазақстанға ресми сапармен Израиль президенті келді

Елге ресми сапармен Израиль Президенті келді. Бүгін мәртебелі мейманды Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. 

Президенттер бір біріне делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы 1992 жылдан бері қос халық ортасында тығыз достық байланыс орнағанын атап өтті. Ал Израиль Президенті 1993 жылы Қазақстанға сапар жасаған әкесі Хаим Герцогтың ізін жалғап Ақордаға келгені үшін қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу және Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысу туралы шешімін қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек.