Мемлекеттік қызметшілерге есірткі скринингінен өту міндеттеледі

Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтеріледі.

Ол кемінде 3 жылда бір индекстеліп, нарыққа байланысты өсіп отырады. Сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Яғни жұмысшы қызмет бабымен өзге елді мекенге ауыстырылса, оған арнайы төлемдер беріліп, көшу шығындары өтеледі. Тиісті заңды бүгін Сенат депутаттары мақұлдады. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің міндетті есірткі скринингінен өту нормасы көзделген. Дәлірек айтқанда, жұмысшылар есірткіні, психотроптық препараттарды немесе соған ұқсас заттарды тұтыну белгілерін анықтайтын медициналық тексерікстен өтуге міндеттеледі. Жалпы бұл заң саладағы жүйенің тиімділігін арттырып, маман тапшылығын азайтуға бағытталған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру қажет екенін үнемі айтып келеді. Елдегі реформаларды сапалы жүзеге асыру жолында кәсіби мемлекеттік аппараттың айырықша екені анық. Осы ретте бүгін мемқызмет жүйесін жетілдіруді көздейтін жаңа жеке заң қабылданып отыр. оның аясында мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық тетіктері жетілдірілді. Сондай-ақ мемқызметшілердің әлеуметтік және кәсіби кепілдіктерін күшейтетін нормалар қарастырылды. Бұл заң мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.