Қазақстан мен Индонезия серіктестігі нығайып келеді
Индонезия Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұл туралы бүгін қос елдің экономикалық серіктестік бойынша комиссия отырысында Индонезияның Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі мәлімдеді. Жиында тараптар өзара сауда жайын терең талқылады. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Индонезияға жоғары сапалы астық жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Соынмен қатар, сиыр және қой еті мен ет кон-сервілерін де, саудалау мүмкіндіктері қарастырылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Біз Орталық Азиядағы сиыр етін жеткізуші негізгі елдің біріміз. Қазақстан бұл салада әлемдегі озық тәжірибелерге сүйенеді. Екі жыл бұрын Австралиядағы әріптестеріміздің тәжірибесін зерттеп, қолданысқа енгіздік. Нәтижесінде 50 мың бас ірі қарасы бар заманауи ферма салынды. Сондықтан бұл салада біздің әлеуетіміз жоғары деп санаймын.
Аирлангга Хартарто, Индонезияның Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі:
- Былтыр Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда айналымы бойынша келісімге келдік. Бұл өзара сауда-экономикалық серіктестігімізге жаңа серпін әкелді. Бұған дейін Қазақстанның Премьер-министрі Олжаса Бектеновпен кездестім. Онда энергетика, сауда, пайдалы қазбалар мен минералдарды игеру, білім, ғылым және туризм сынды салалар бойынша серіктестікті нығайту туралы талқыладық. Соның ішінде Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізу мәселесіне баса көңіл бөлінді. Бұл қос ел арасындағы байланысты одан ары нығайтады.