Қазақстанда жаңа ордендер енгізіледі: Сенат заңды мақұлдады

Фото: primeminister.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң мақұлданды, деп хабарлайды «24KZ».

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Негізгі мақсаты – мемлекеттік наградалар жүйесін қазіргі қоғамдық сұраныстарға, ұлттық құндылықтарға және елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарына бейімдей отырып, мазмұндық тұрғыдан жаңғырту.

Құжаттағы басты жаңалық – мемлекеттік наградалар тізбесін жаңа ордендермен толықтыру. Атап айтқанда, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендерін енгізу көзделіп отыр.

«Al-Farabi» ордені білім мен ғылым, мәдениет пен рухани даму салаларында елеулі еңбек сіңірген тұлғаларға беріледі. Бұл марапат интеллектуалдық еңбекке берілетін жоғары бағаны білдіреді.

«Qoja Ahmet Yasaui» ордені мемлекет пен қоғам дамуына ерекше үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салаларда еңбек еткен азаматтарға табысталады. Ол тарихи-рухани сабақтастық пен түркі өркениетінің байланысын айқындайды.

Ал «Мейірім» ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттауға бағытталған. Бұл қоғамдағы ізгілік пен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қолдауға арналған.

Сонымен қатар заңда ерекше жағдайларда Мемлекет басшысының шешімімен наградаларды белгіленген мерзімге қарамастан беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тетік ерекше еңбекті дер кезінде бағалауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қолданыстағы бірқатар нормалар нақтыланып, құқықтық олқылықтарды жою көзделген. Жалпы алғанда, өзгерістер мемлекеттік наградалар жүйесін заманауи талаптарға бейімдеп, ғылым, руханият және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын күшейтуге бағытталған.