Гендерлік теңдік: Саяси партиялар әйелдердің саясаттағы белсенділігін арттыру мәселесін талқылады

Фото: gov.kz

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия елдегі саяси партиялар өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды «24KZ». 

Жиында әйелдердің саясаттағы белсенділігін арттыру және олардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін күшейту мәселелері қаралды.

Кездесуге AMANAT, Respublica, Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол», «Байтақ», «Ауыл» және ЖСДП партияларының басшылық құрамы мен әйелдер қанатының өкілдері қатысты.
Тараптар әйел кандидаттарды даярлау және қолдау тетіктерін жетілдіру, саяси тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту, кадрлық резерв қалыптастыру, сондай-ақ өңірлердегі партиялық құрылымдардың рөлін күшейту мәселесін талқылады.

Жиында айтылған мәліметке сәйкес, әйелдер ел халқының 51 пайыздан астамын, мемлекеттік қызметтің әкімшілік корпусының 56,2 пайызын және PhD ғылыми дәрежесі иелерінің 54 пайызын құрайды.

Кездесу соңында тараптар сараптамалық және консультативтік байланысты алдағы уақытта да жалғастыру маңызды екенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыс саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының бірлескен қатысуымен жүзеге асады.