Қазақстан Парламенті Халық кеңесін құруды мақұлдады
Парламент «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ».
Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган ретінде бекітіледі. Оның мақсаты – жалпыұлттық диалогты дамыту, қоғамдық қатысуды кеңейту және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру.
Жаңа құрылым мемлекеттік органдардың функцияларын қайталамайтын консультативтік алаң болады. Кеңесте ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу, заң шығару процесіне бастамашылық жасау, референдум өткізу жөнінде ұсыныстар енгізу және қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру көзделген.
Сонымен қатар заң жобасында Кеңестің құрамын қалыптастыру тетігіне ерекше назар аударылған. Оған этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, коммерциялық емес сектордың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің теңгерімді өкілдігі енгізіледі.
Кеңестің құрылымында Сессия жоғары орган ретінде айқындалып, ал сессиялар аралығында Төралқа жұмыс істейді. Сондай-ақ комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру қарастырылған.
Бұдан бөлек, заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру және өткізу функциясын беру көзделіп отыр.
Заң жобасын қабылдау қоғамдық қатысуды кеңейтуге, мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға және қоғам мен билік арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.