Қазақстан мен Өзбекстанның алыс-берісі артты
Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тауар айналымы 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайыз өсті.
Бұл туралы Өзбекстанның ұлттық статистика комитеті мәлімдеді. Әсіресе ортақ өнеркәсіп кооперациясын құру жобасы үкіметаралық комиссияның басты назарында. Қазір құны 1,8 млрд доллардың 78 біріккен жобасы іске қосылды. Жалпы қос мемлекет 2030-шы жылға дейін өзара тауар айналымды 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.
Былтыр Қазақстаннан экспортталған ірі-қара етінің 90 пайызын Өзбекстан сатып алған. Бауырлас елге 66 мың тоннаға жуық ет импортталып, 190 млн доллардан астам табыс түскен. Көрші елдегі ет бағасының жоғары екенін ескерсек, біздің шарауаларға төрт түліктің санын көбейткен тиімді болып тұр.
Саидмухтор Саидкасимов, Экономика ғылымдарының докторы, профессор:
- Екі ел президенттерінің жүктеген тапсырмаларын сапалы, әрі уақытылы орындау мәселесі басты назарда. Үкімет пен жауапты органдар бірігіп жұмыс істесе, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады. Көрші елдердің арасында қазір ешқандай кедергі жоқ. Барлық сала бойынша оң динамика байқалады. Біріккен жобалардың мазмұнымен ауқымы кең. Оның экономикалық әсерін халық жуық арада сезіне бастайды.
Жуырда Маңғыстау облысында ірі нысан ашылмақ. Сауда-саттық, тарату орталығы экспорт-импортты көбейтіп, екі елдің экономикалық әлеуетіне серпін береді дейді сарапшылар. Ал Түркістан облысында салынып жатқан өнеркәсіп кооперациясының алғашқы кезеңі іске қосылғанда, 5 мың адам жұмыспен қамтылады.
Азамат Тошев, Орталық Азия ғылыми зерттеу институтының сарапшысы:
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым қазір 5 млрд долларға таяды. Алдағы 4 жылдың ішінде оның көлемін 10 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Бұл жоспарды орындаудың нақты механизмі бекітілген. Президенттеріміз былтыр түрлі деңгейде 20 рет кездескен. Бұл көрсеткіштің өзі екі елдің арасындағы оң динамикадан хабар беріп тұр.
Өзбекстан 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 200 млрд долларға, ал Қазақстан 450 млрд доллардан асыруды мақсат етіп отыр. Қос елдің шикізаттық сектордан, өңдеуші, өнеркәсіптік және жоғарғы технологияға басымдық беруі, олардың аймақтағы экономикалық қуатты мемлекет болуға деген ұмтылысын көрсетеді.