Астанада «Алтын Орда» халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

Ордалы отырысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сондай-ақ әлемнің 20-дан астам елінен делегация келген. 

Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар бар. Мемлекет басшысы ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Жошы Ұлысының тарихына қатысты пікірін білдірді. Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді деп, бұл – мойындалған тарихи дерек екенін айтты. Ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе болғандықтан халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі зерделеу жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ, симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастырады. Түптеп келгенде, бұл отырыс бұрмалаған ірі тарихи оқиғаларға шынайы баға беру үшін ұйымдастырылып отыр.