Владимир Путинның Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды

Ресей Президенті Владимир Путинның Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. 

Саясаткер мінген борт Астана әуежайына қонды. Қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. 

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Владимир Путинның борты ел шекарасына енген сәттен Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Ал трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді. Владимир Путин мен ресми делегация мүшелеріне екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының барабаншылары қошемет көрсетті.

Бекзат Аманов, тілші:

- Ресей Президенті Владимир Путинды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Жалпы ресейлік БАҚ-тың қалың нөпірін көріп отырмыз. Демек бұл сапарға деген қызығушылық өте жоғары. Делегациялар да өте көп, демек талқыланатын тақырып та көп болады. Дәл қазір біз аспаннан Ресей мен Қазақстанның туын көтеріп ұшып келе жатқан тікұшақтарды көріп отырмыз. Бұл да қарсы алу рәсімінің бір бөлігі. 

Қонаққа құрмет әуежай терминалында да жалғасты. Прзиденттер жас домбырашылар ансамблі мен сырнайшылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаты Радмир Хайбуллин Ресей мемлекеті басшысының құрметіне Құрманғазы күйлері мен орыс халық әуендерінен попурри орындады.

Осылайша, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. Ертең жоғары деңгейде келіссөздер өтіп, екіжақты құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған. 

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы