Мәжілісте мемлекеттік бюджеттің игерілуі қаралды

Қазына қаржысының тиімді игерілуі мен ел экономикасының жай-күйі. Бүгін Мәжілісте 2025 жылы республикалық бюджетке қатысты аудит қорытындысы жарияланды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, былтыр елдегі 7 500 колледж студенті, жоғарғы оқу орындарының 23 600 студент-магистранты мен докторанттар жатақханамен қамтылды. Сонымен бірге барлық қаржы көзі есебінен  2025 жылы 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал әлеуметтік осал топтары үшін 5 мыңнан астам баспана сатып алынды. Осылайша, Қаржы министрі Үкіметтің барлық әлеуметтік міндеттемесі орындалғанын жеткізді.

2025 жылғы бюджет қаншалықты тиімді игерілді? Міне, бүгін Мәжіліс отырысында осы мәселе егжей-тегжейлі қаралды. Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Жоғары аудит палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың баяндамасынан кейін депутаттар үкімет мүшелеріне дайындап әкелген сауалдарын жолдады. Көкейдегі сұрағын жолдауға 40-тан астам депутат тіркелгенімен оларға берілген 1,5 сағат уақыт жетпеді.

Жалпы Үкімет былтыр әлеуметтік осал топтары алдындағы міндеттемелерін толық орындаған. Ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысан бой көтерді. Сондай-ақ студенттерге арналған 10 мыңнан астам орынға 30 жатақхана пайдалануға берілді. Қаржы министрі республикалық бюджеттің меншікті кірістері,  алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 трлн. теңгеге ұлғайғанын атап өтті. Өсім -113,2% құраған. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге артыпты.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі: 

- Жалпы өсім, экономиканы кеңейту, корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша түсімдердің ұлғаюы, импорттың өсуі, сондай-ақ әкімшілендіру тиімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер,  880 млрд теңгеге немесе 24%-ға өсті.

Бұдан бөлек депутаттар салықтық түсім, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіне қатысты сауалдарын қойды. Мәселен, соның бірі - жаңартылуы тиіс вагондар паркіне қатысты болды. Депутат Қарақат Әбден былтыр осы мақсатқа 65,5 млрд теңге бөлінгенін, сол қаржыға 68 вагон алыну керектігін еске салды.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Вагон саны 51-ге дейін қысқарып, жеткізу мерзімі де өзгерді. Алайда вагондар бүгінгі күнге дейін қабылданбаған. Бірақ бюджет қаражаты толық игерілген.  Неліктен вагондар уақытында жеткізілмеді? Олар қашан халық игілігіне беріледі?

Депутат сауалына «Самрұқ қазынаның» экономика және қаржы жөніндегі атқарушы директоры жауап берді. Айдар Рысқұловтың айтуынша, 2021 жылы Қазақстан Темір жолы мен Штадлер компаниясы 2030 жылға дейін вагондар паркін жаңарту туралы келісімшарт жасасқан. 

Айдар Рысқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры:

- Шынында да бірінші партия жеткізу кезінде сәйкессіздіктер анықталды. Тежеу жүйесінің құрамына өзгерістер енгізу керек. Содан бұл вагондар қабылданбады. Қазіргі уақытта штадлер компаниясы кемшіліктерін мойындады. Өз есебінен жоюды істеп жатыр.

Отырыс қорытындысы бойынша, дипломатиялық миссияны орналастыру жөніндегі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісімді ратификациялау жобасы талқыланды. Сонымен қатар Кедендік реттеу және экологиялық мәселелеп жөніндегі заң жобалары екінші оықылымда мақұлданды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров