Цзянсу провинциясымен меморандум жасалды
Алматы облысының басшылығы Қытай Халық Республикасы, Цзянсу провинциясының бірінші хатшысы Синь Чансинмен екі жақты меморандумға қол қойды.
Ол сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту мәселелерін қамтиды. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 34 жылдық тарихы бар. Бір біріне тату көрші әрі стратегиялық серіктес саналатын екі елді түрлі салада жан-жақты байланыс орнату мәселесі қызықтырады.
Алматы облысындаа жұмыс сапарымен болған Цзянсу провинсиясының бірінші хатшысы Синь Чансин алдымен экономикалық және іскерлік қарым-қатынастарды дамыту мәселесіне тоқталды. Өйткені ол басқаратын провинция Қытайдың екінші экономикасы саналады. Ол үшін су әуезді Цзянсудың жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн доллардан асқанын айтсақ жеткілікті.
Синь Чансин, Цзянсу провинциясының бірінші хатшысы:
- Біз Қытайдың бес жылдық даму жоспарын жүзеге асыруға кірістік. Алматы облысына келудегі мақсатымыз – өңірлік және халықаралық қарым-қатынастарды нығайту. Біз жуық арада Цзянсу провинциясы мен Алматы облысының арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға арналған тағы бір меморандумға қол қоямыз.
Алматы облысының экономикасы бір ғана салаға тәуелді емес, әртарапты. Сондықтан туризмді дамытып, баламалы қуат көздерін өндіру бағытында да Цзянсумен іскерлік қарым-қатынас орнатуға болады.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Жақсы, нәтижелі кездесу өткіздік. Өте үлкен экономика. Сол себептен әрине, біз үшін мұндай серіктес болған өте жақсы. Оның үстіне олардың да экономикасы әртараптандырылған. Әр салада жұмыс істеуге мүмкіндіктеріміз бар.
1700 шақырымдық мемлекеттік шекарамыз бен сан ғасырлық тарих байланыстыратын қос елдің мемлекет басшылары жиі кездесу өткізіп, тату көршілік пен өзара сенімге құрылған байланысты одан ары нығайтуды шегелеп айтумен келеді. Соның арқасында қазақ-қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Алматы облысы бұл тұрғыдан Қытай Халық Республикасын Орталық Азия және Еуропа елдерімен байланыстыратын маңызды роль атқарады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов